Алматыдағы Ыбырай Алтынсарин атындағы мектеп жиырма жетінші түлектерін ұшырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыдағы Ыбырай Алтынсарин атындағы мектеп жиырма жетінші түлектерін ұшырды

25.05.2018

Алматыдағы Ыбырай Алтынсарин атындағы №159 мектеп гимназиясы бүгін 27-ші түлектерін ұшырды. Бұл білім ошағы - Тәуелсіз Қазақстанның төл мектебі. Еліміз егемендік алған жылы ашылған оқу орны қазір заман талабына сай жабдықталған білім кешендерінің бірі. Сондықтан, тілшілеріміз сол мектептің «Соңғы қоңырау» салтанатына қатысып келді.  

Ыбырай Алтынсарин атындағы №159 гимназиядан бүгін 95 түлек үлкен өмірге қанат қақты. Олардың арасында білім теңізінен сусындауға келген Санжар Серікұлы да бар. Бір қызығы, Санжардың мектепке алғаш қадам басқан сәті мен 1-сыныпты аяқтап, тілшілерге берген сұхбаты жазылған бейнетаспа жеке мұрағатында сақталған.

Мектепке келгеннен-ақ білімге ұмтылған Санжардың қазір мақсаты айқын. IT мамандығына қызығатын ол болашақта Америкада білім алып, елімізде осы саланы дамытуды армандайды.

Санжар Серік, түлек:

- Бүгін 11-сынып бітіріп жатырмын. Көңіл-күй тамаша. Бірінші кезекте мұғалімдерге рахмет.

Осы әнді тебірене айтқан 100-ге жуық оқушы бүгін мектеп қабырғасында соңғы рет қоңырау үнін естіді. Ал, салтанатты шараға мектеп ашылғаннан бері директор болып, білім ошағын ширек ғасыр басқарған ардагер ұстаз, Қазақстанның Еңбек ері Аягүл Миразова арнайы келіп, түлектерге сәттілік тіледі.

Аягүл Миразова, Қазақстанның Еңбек ері:

- Осы балалардың әрқайсысының Алтынсарин атындағы мектептің баспалдағына көтеріліп, осы мектепке енгені көзімнің алдында. Міне, қазір таудай болып шыққалы жатыр. Барлығына тілейтінім денсаулық.

Шара соңында түлектер 10-сынып оқушыларына «Мектеп аманатын» тапсырды. «Кел, балалар, оқылық!», деп қазақ баласын оқуға шақырған Ыбырай Алтынсарин атындағы білім ордасының түлектері осылайша ұстаздарымен қимай қоштасты.

 

Амангелді СЕЙТХАН

Хабарламаларға жазылу