Қазақстандағы ең жас мектеп директоры 26 жаста - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандағы ең жас мектеп директоры 26 жаста

25.05.2018

Қазақстандағы ең жас мектеп директоры. Небәрі 26 жасында Астанадағы үлкен білім ордасын басқарып отырған Шәкәрім Сейсенбай үшін бүгін ерекше күн. Себебі, бүгін оның басшы ретіндегі алғашқы соңғы қоңырауы. Назарбаев Университетінің түлегі бұл қызметке ақпан айында ғана кіріскен. Аз уақыт ішінде қарапайым орта мектепке тың тәсілдер енгізген жас директормен тілшіміз Дулат Абибуллаев кездесіп қайтты.

Қазақстанда 7000-нан астам мектеп директоры болса, соның ішіндегі халықарылық білімі бар жалғыз мектеп директоры. Шәкәрім Сейсенбай Назарбаев Университетінің түлегі, төрт тілді жетік меңгерген биолог маман. Тіл білемін деп шетел аспай, елде қалды. «Қиын да күрделі білім саласын бекер таңдаған жоқпын», - дейді.

Шәкәрім Сейсенбай, №54 лицейдің директоры:

- Анам 20 жыл бойы мектеп басшысы болған. Математикадан мұғалім. Осы мамандықты таңдағаныма соның тікелей әсері болды. Назарбаев Университетіне магистратураға тапсырдым. Мақсатым - ол жақтан алған халықаралық тәжірибелерді Қазақстанның мектептеріне негізу.

Шәкәрім Сейсенбай - 11 мыңнан астам болашақ түлегі мен 800-ден астам Назарбаев Университетін тәмамдаған мамандардың ішінде мектеп басқарған алғашқы азамат. 2500 оқушысы бар үлкен ұжымға тың жаңалықтар енгізуде. Ерекше форматтағы мұғалімдер кабинеті мен оқушыларға арналған түрлі клубтарды іске қосты. 

Тамира Сламбекқызы, ата-ана:

- «Біздің мектепке жаңа директор келді. Өзі жап-жас», - деді. Мен өте сенімді болдым. Себебі,  тәжірибені, білімді Назарбаев Университетінен алды. Назарбаев зияткерлік мектебінде жұмыс істеді. Менің ойымша, осы мектеп-лицей Астанадағы үздік мектептердің бірі болады.

Биыл №54 лицейді 187 түлек тәмәмдады. Олардың барлығы ұлттық тестілеуге тас-түйін дайын. Себебі, биыл тестілеуге жаңаша дайындалды.

Назерке Шахай, мектеп бітіруші:

- Біздің сыныпта барлығы 11 «Алтын белгіге» үміткер, 3  үздік оқушы бар. Директорымыз ауысқалы бері көп өзгерістер болып жатыр. Ол осы 20 минуттық қоңырау, күнделікті ҰБТ-ға дайындықты енгізді.

Жас басшы қарапайым орта мектептен де озат оқушылар шығатынын дәлелдемек. Қазірдің өзінде өзі бітірген Назарбаев Университетімен меморандум бекітіп, ондағы халықаралық дәрістерге оқушыларды қатыстыруды көздеп жүр.

 

Дулат АБИБУЛЛАЕВ

Хабарламаларға жазылу