Бұл туралы бүгін Үкімет үйінде өткен баспасөз жиынында Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова мәлімдеді. Ұстаздардың жалақысын өсіру Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында көрсетілген міндеттер бойынша жүзеге асады. Мәселен, осы жылдан бастап 1-ші, 2-ші, 5-ші және 7-ші сынып ұстаздарының лауазымдық жалақысы көбейеді. Ал, қыркүйек айынан бастап 3-ші, 6-шы және 8-ші сынып мұғалімдерінің жалақысы көтеріледі. Ал, 2019 жылдың қыркүйегінде 4-ші, 9-шы және 10-шы сынып ұстаздарының жалақысы артса, 2020 жылы 11-сынып мұғалімдерінің еңбекақысы жоғарылайды. Мысалы, 15 жылдық еңбек өтілі бар 1-санаттағы қала мұғалімінің жалақысына 24 мың теңге қосылады. Дәл осындай еңбек өтілі бар 1-санаттағы ауыл мұғалімінің жалақысына 25 860 теңге қосылады.
Бибігүл Асылова, ҚР Білім және ғылым вице-министрі:
- Жалпы алғанда 25 жыл еңбек өтілі бар жоғары санатты мұғалімнің қазіргі жалақысы 83 мың теңге болса, оған 25 мың теңге үстемеақы және жаңартылған білім беру бағдарламасы үшін тағы 24 мың теңге қосылады. Осылайша, еңбекақының жалпы сомасы 133 мың теңге болмақ. Сонымен қоса, жаңа жүйеге сәйкес, ұлттық біліктілік тестін тапсырып, өз деңгейлерін растау арқылы мұғалімдер жалақыларын 20-50 процентке дейін көтере алады. Мәселен, бір саты жоғарылаған 15 жылдық еңбек өтілі бар 1-санаттағы қала мұғалімінің еңбекақысына 28 мың теңге қосылса, ауыл мұғалімінің жалақысына 36 мың теңге қосылады.
Ғабит ҰЗАҚБАЙ