ШҚО: Бородулиха ауданында мектеп бітірушілердің кеші өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ШҚО: Бородулиха ауданында мектеп бітірушілердің кеші өтті

19.06.2014
ШҚО: Бородулиха ауданында мектеп бітірушілердің кеші өтті
Шығыс Қазақстан облысының Бородулиха ауданында мектеп бітірушілерге арналған кеш өтті. 
 
Биыл бұл ауданда 268 түлек алтын ұя мектебімен қоштасты. Олардың 97-і Ұлттық біріңғай тестілеуге қатысып, білім деңгейлерін сынаған болатын.
 
Салтанатты шара барысында, аудан басшылығы оқуда озат болған балаларға үздік аттестаттарды табыстап, ақ жол тіледі.
 
Бородулиха ауданында 24 мектеп бар. «Ақ желкен» деп аталған салтанатты шара осы мектептерді бітірген түлектердің шеруімен басталды.
 
11 жыл бойы білім нәрімен сусындаған қыз-жігіттер сән-салтанатпен орталық алаңнан жүріп өтті. Бұдан соң оқуда озат болған балаларға үздік аттестатар табыс етілді. 
 
Бородулиха ауданының түлектері бірнеше жыл қатарынан Ұлттық біріңғай тестілеуде жақсы нәтижеге қол жеткізіп жүр. Биыл сыныққа 97 бала қатысқан.
 
Аудан бойынша орташа көрсеткіш 80 балл болды. Бұл күні түлектер ең алдымен ұстаздарына алғыстарын айтып, әндерін арнады.
 
Мұхтар Амантайұлы, жас түлек:
Ұстаздарға бізге жақсы білім бергені үшін рахмет айтамыз. Осы біліммен енді жоғары оқу орындарына түсіп, жақсы маман иесі болуға тырысамыз.
 
Диана Юсупова, жас түлек:
Барлық жастарға тек қана жақсылық тілеймін. Мектеп бітірушілерге «тек қана алға!», деймін. Барлығы ҰБТ-дан жақсы балл алды. Бородулиханы бәрі құттықтап жатыр.
 
Мектеп бітірушілерді аудан әкімі де құттықтап,  ақ жол тіледі. Сөз соңында, жастарды диплом алған соң туған ауылдарына қайтып келуге шақырды.
 
Бұл өңірде кәсіпкерлік, мәдениет, спорт, ауыл шаруашылығы өте жақсы дамыған. Сондықтан, жас мамандарға әрдайым сұраныс жоғары.
 
Григорий Акулов, Бородулиха ауданының әкімі:
Инженерлер, дәрігерлер, ауыл шаруашылығы және басқа да саланың мамандары үшін біздің ауданда жұмыс көп. Енді, жас түлектеріміз жоғары оқу орындарында жақсы білім алып, мықты маман болып шықсын, деп тілеймін. Дипломдарын алған соң ауданға оралып, өздерінің туған өлкелерінің одан әрі дамуына, гүлденуіне өз үлестерін қосуға шақырамын.  
 
Мектеп бітірушілерге арналған кеш Бородулиха ауданында осымен 4-ші жыл қатарынан ұйымдастырылды.
 
Жылдағы дәстүр бойынша салтанатты шара эстрада жұлдыздарының концертіне ұласты. Ал, кеш соңында мерекелік отшашу болды.  
 
Берік КӨШЕРБАЕВ

Хабарламаларға жазылу