Астанада жылдағы жалпықалалық түлектер кеші өтпейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада жылдағы жалпықалалық түлектер кеші өтпейді

27.05.2018

«Оқығанда кім болам? Жанарыңа нұр болам, ауылыма Ай мен Күн болам» деген екен Ілияс ақын Жансүгір. Керіле көсілген кең даланың әр қиырында мектеп бітірген әр түлектің көңіл қалауы осындай ұлы мақсатпен ұштасса, шіркін?! Осы жұма еліміздегі барлық мектептерде соңғы қоңырау соғылды. 147 мың түлек бала шақтан болашаққа қанат қаққалы тұр. Мектеп бітірушілер кеші. Сосын Ұлттық бірыңғай тестілеу. Сосын үлкен өмірге жолдама. Соңғы қоңырау салтанаты барлық өңірде думан дүбірімен өтті. Биыл да мектеп бітірушілердің ішінде талантымен таңдай қақтырған даралар мен дарындылар бар. Тіпті елордалық жас түлек Нұрәлі Сарбақыш әлемнің алты университеті мен бір отандық университеттен шақырту алып, ол ақыры Германияның оқу жүйесін құп көрген. Аңғарғанымыз, осыдан 10-15 жыл бұрынғы жастар заңгер, экономист, шенеунік болуды армандаса, қазіргілер ілім-білімге, ғылымға бет бұрған. Дені ІТ саласының алғыры болғысы келеді. Нарықтың талабы да сол. Ал, аттестат тапсыру мен түлектер кеші мектептерде 15 маусымда өтеді. Министрлік түлектер кешіне қатысу-қатыспау әркімнің өз шешімі болатынын мәлімдеген. Ал, министр Сағадиев мектеп бітіру кешін шоуға айналдырудың қажеті жоқ деп отыр. Қымбат мейрамхана, лимузин жалдап, ата-аналарды әбігерге түспеуге шақырды. Министрдің сөзі әсер етті ме, әйтеуір, Астана қалалық Білім басқармасы бас шаһарда жылдағы жалпықалалық түлектер кеші болмайтынын айтты. Ең бастысы, түлектер алдағы тестілеудің сынынан да, өмірдің сынынан да сүрінбесін.

 

Индира БЕГАЙДАР

Хабарламаларға жазылу