ҰБТ-да кеше 3797 оқушы 100-ден жоғары балл жинады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ҰБТ-да кеше 3797 оқушы 100-ден жоғары балл жинады

03.06.2014
ҰБТ-да кеше 3797 оқушы 100-ден жоғары балл жинады
Ұлттық бірыңғай тестілеудің алғашқы күнінің қорытындысы бойынша ең төменгі көрсеткіш - 50 балды 6 233 түлек жинай алмады. Өтініш жазған 27 мың 670 түлектің 26 мың 134-і сынаққа қатысты.
 
Тәртіп бұзғаны үшін 13 талапкер дәрісханадан шығарылды. Тест тапсырушылардан 5 962 ұялы телефон, 1 783 шпаргалка, 121 калькулятор, 6 фотоаппарат, 2 рация табылған. Бұл жолы да өткен жылдағыдай емтихан қатаң қадағаланды, техникалық мүмкіндіктің барлығы қарастырылды.
 
Ұлттық бірыңғай тестілеудің алғашқы күнінің қорытындысы бойынша ең жоғары 125 балды Алматы қаласындағы №178 лицейдің түлегі Айғаным Әбдіжаппар жинады.
 
Оның бір арманы осы сынақты жақсы тапсыру еді. Арманы алдамады. 11 жыл білгенін, көкейге түйгенін ақ қазазға түсірген ол, өзіме сенімді болдым дейді.
 
 Айғаным Әбдіжаппар, жас түлек:
Ең алдымен 125 балл алғаныма ата-анама алғыс айтамын. Апайларыма үлкен алғыс айтамын. География пәнін таңдағандықтан қаржы және экономика саласына түсу ойымда бар.
 
Айғаным секілді 3 797 оқушы 100-ден көп балл жинады. 2013 жылы мұндай нәтижеге 2 743 түлек қол жеткізген еді. Бірінші күннің орташа көрсеткіші - 76,6 балл. Ал өткен жылы – 75,5 балл болған.
 
Мадина Тохтағалиева, жас түлек:
Жалпы өзім жақсы көңіл-күймен кірдім, ешқандай қорқыныш болған жоқ. Қазір де сондай көңіл-күймен шығып тұрмын. Тест сұрақтары аса қиын болды, деп айта алмаймын, мектепте оқыған тақырыптар.
 
Бүгін еліміз бойынша тест тапсыруға 18 214 түлек өтініш білдірді. Қазір екі күннің жалпы қорытындысы тест орталығында жиналып жатыр. Нәтижесі ертең таңертең белгілі болады.
 
 
Сәкен СЕЙІТХАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу