ҰБТ-ның алғашқы күнінде 6233 түлек 50 балға қол жеткізе алмады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ҰБТ-ның алғашқы күнінде 6233 түлек 50 балға қол жеткізе алмады

03.06.2014
ҰБТ-ның алғашқы күнінде 6233 түлек 50 балға қол жеткізе алмады
Ұлттық бірыңғай тестілеудің алғашқы күнінің қорытындысы бойынша ең төменгі көрсеткіш - 50 балды 6 233 түлек жинай алмады. Өтініш жазған 27 мың 670 түлектің 26 мың 134-і сынаққа қатысты.
 
Тәртіп бұзғаны үшін 13 талапкер дәрісханадан шығарылды. Тест тапсырушылардан 5 962 ұялы телефон, 1 783 шпаргалка, 121 калькулятор, 6 фотоаппарат, 2 рация табылған. Бұл жолы да өткен жылдағыдай емтихан қатаң қадағаланды, техникалық мүмкіндіктің барлығы қарастырылды.
 
Ұлттық бірыңғай тестілеудің алғашқы күнінің қорытындысы бойынша ең жоғары 125 балды Алматы қаласындағы №178 лицейдің түлегі Айғаным Әбдіжаппар жинады.
 
Оның бір арманы осы сынақты жақсы тапсыру еді. Арманы алдамады. 11 жыл білгенін, көкейге түйгенін ақ қазазға түсірген ол, өзіме сенімді болдым дейді.
 
Айғаным Әбдіжаппар, жас түлек:
Ең алдымен 125 балл алғаныма ата-анама алғыс айтамын. Апайларыма үлкен алғыс айтамын. География пәнін таңдағандықтан қаржы және экономика саласына түсу ойымда бар.
 
Айғаным секілді 3 797 оқушы 100-ден көп балл жинады. 2013 жылы мұндай нәтижеге 2 743 түлек қол жеткізген еді. Бірінші күннің орташа көрсеткіші - 76,6 балл. Ал өткен жылы – 75,5 балл болған.
 
Такир Балықбаев, ҚР Білім және ғылым вице-министрі:
Өткен жылғы сұрақтарға қарағанда кейбір пәндерден биылғы жылғы сұрақтар 30 пайызға өзгертілді. Ол жылдағы үрдіс. Өткен жылғы тесттен өткеннен кейін оның нәтижесіне байланысты сондай жұмыстар жүргізіліп жатады. Кейбір пәндерден біз соңғы жылдары логикалық тапсырмаларды енгізіп жатырмыз. Ол тапсырмалар бүгінгі ҰБТ-ның математика пәнінің ішінде де бар.
 
Тест тапсырып жатқан оқушылар бүгін де телефон алып кіруге қарекет жасады. Ал тәртіп қадағаушылар артық зат бар-жоғын сұрады. Кейбірі өз еріктерімен өткізді.
 
Ал кіре берістегі темір іздейтін қондырғы, қалта мен шұлыққа салынған заттардың бар-жоқ екенінен белгі берді. Одан кейін дәрісханаларда орналасқан дыбыс шектейтін құрал бірді-екілі кірген телефондардың желісін үзді.
 
Күдігі көп, үміті мол талапкер сынағының екінші күнінің қорытындысы бірер сәттен кейін белгілі болады.
 
 
Сәкен СЕЙІТХАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу