Білікті дәрігер жас мамандарға үлгі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Білікті дәрігер жас мамандарға үлгі

14.03.2014
Білікті дәрігер жас мамандарға үлгі

Әлемдегі ең маңызды да мерейлі мамандықтардың бірі - дәрігер. Ақ халатты абзал жан деген теңеу де - осының айғағы. Науқастанып, жаныңыз қиналғанда дертке шипа беретін де - осы мейірбан адамдар.  

 
Саналы ғұмырын медицинаға арнаған сондай азаматшалардың бірі - Әлия Тәшетова. 
 
Әлия Тәшетованы   Қызылжар өңірінде білмейтін адам кемде-кем. Жоғары санатты дәрігер, білікті де тәжірибелі басшы. 29 жылдан бері медицина саласында жемісті еңбек етіп келеді. 
 
 Әйел болса да, адам өміріне араша түсу кезіндегі кейбір қиын сәттерде ерлерден кем түскен жері жоқ. Өйткені, ол үшін науқастың дертіне дауа, сырқатына шипа табылып, айығып кетуіне куә болудың өзі - бір бақыт.
 
Әлия Тәшетова, Петропавл қалалық №3 емханасының бас дәрігері: 
Қалай болса да, біз тексеріп, қараймыз. Себебі, ауырса да, денсаулықтары бірқалыпты болады. Сауығып кетіп жатса, өзіңе-өзің риза боласың. Бірақ, мен өзімнен гөрі айтқанды істеп, тәртіпке бағынған науқастарға риза боламын.
 
Әлия Жақсылыққызына ұқсағысы келетін жас мамандар өте көп. Өз ісіне адал, жұмысына берілген. Талапшыл, бірақ мейірімді. Сонысымен еңбек жолын енді бастаған ізбасар әріптестеріне үлгі.  
 
Айнұр Бекқожинова, дәрігер-офтальмолог:
Жұмысқа енді шықтым. Маған өте ұнайды мұнда. Әлия Жақсылыққызы да жақсы қарсы алды. Бұл емханада барлық жаңа құрылғылар бар.  
 
Әлия Жақсылыққызы - аяулы жар, ардақты ана. Әйел бақытының не екенін   жақсы түсінеді. Бүгінде өңірдегі іскер де белсенді жандардың бірі. Талай жанның өміріне араша түсіп, ерлікке пара-пар қызмет атқарып жүр.  
 
Сағындық СӘБИТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу