Пхенчханда қауіпсіздік шаралары күшейтілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Пхенчханда қауіпсіздік шаралары күшейтілді

08.02.2018

Пхенчханда қауіпсіздік шаралары мейлінше күшейтілді. Мұнда Олимпиада кезінде спортшылар мен көрермендерді, қала қонақтары мен туристерді мыңдаған полицей қорғайды. Сонымен қатар, Кореяға атлеттер ғана емес, әлемнің түкпір-түкпірінен ресми делегаттар да көптеп барып жатыр.

Жалпы алғанда, ертең ашылатын Қысқы Олимпиада нысандарын қорғауға 29 мыңға жуық полицей тартылып отыр. Олар мұнда ақпанның 25-не дейін әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған атлеттер мен көрермендерді күзетеді. Ал, Солтүстік Кореяның 22 спортшысы мен 230 жанкүйеріне арнайы сақшылар тобы бөлінген.

Ким Йон-Кван, полиция бөлімшесінің басшысы:

- 28 700 полицей офицерін Олимпиаданың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жұмылдырып отырмыз. Террорлық шабуылдарға жол бермеу үшін патруль жүргіземіз, күзетеміз, жолдағы қозғалыс тәртібін бақылаймыз.

Қазір Пхенчханда Олимпиадаға қатысты сауда да қызып тұр. Әсіресе, Қысқы ойындардың белгілері мен символдарына, бойтұмарларына сұраныс күшті. Сонымен қатар, мұнда төрткүл дүниеден спортшылар ғана емес, ресми делегаттар да барып жатыр. Осыдан бірнеше сағат бұрын Оңтүстік Кореяға АҚШ вице-президенті Майкл Пенстің ұшағы қонды.

Қарбалас шақта Норвегия командасы саннан шатасты. Бұл мемлекеттің құрамасы 1500-ге абайсызда бір нөл қосып жіберіп, 15 мың жұмыртқаға қалай тапсырыс беріп қойғанын өздері де білмейді.

Торе Овребо, Норвегия миссиясының өкілі:

- Жұмыртқа дегеніміз қажеттілік емес, бір ағаттық тәрізді. Бізге керегі – мың жарым дана. Байқаусызда бір нөл қосылып кетіп, 15 мың болып шықты. Мұның бәрін қайтеміз? Мүмкін қонақтарға таратармыз, бәлкім, қайтарып берерміз.

Солтүстік Корея, Оңтүстік Корея дегенде соғыс пен қауіп еске түседі. Расында да олар 1953 жылдан бері қағаз жүзінде соғысып жатқан мемлекеттер. Алайда, осы Олимпиада екі елді татулыққа бір табан жақындатты. Оңтүстік түгіл Американы тойтарамын деуден жалықпайтын Ким Чен Ын Қысқы ойындарға туған қарындасын жіберді. Ким Йо Чжон – Солтүстік Кореяға билігіндегі Жұмысшылар партиясының ең жоғары лауазымды шенеуніктердің бірі.

Ертең Олимпиаданың ашылу салтанатында екі Кореяның командалары  түбектің ортақ туының астында шеру тартып өтеді. «Пхеньянның осыған келісуінің өзі аймақта ядролық-зымырандық шиеленестің жеңілдегенінің бір нышаны іспетті». Кейбір сарапшылардың пікірі осындай.

Мақпал СЕРЖАНҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу