Әлемнің әйгілі бір топ фотографы Астананы обьективтеріне алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлемнің әйгілі бір топ фотографы Астананы обьективтеріне алды

10.07.2018

Олар әсем қаланы әр қырынан бірнеше күн бойы суретке түсірді. Ал сол туындылары бүгін «Photofest.kz» фотокөрмесіне қойылды. Бұл халықаралық көрме осымен екінші мәрте ұйымдастырылып отыр. Биылғы қырағы қонақтар кімдер? 

Давид Акопян Армения Президентінің жеке фотографы. Көбіне ресми кездесулерді, тәртіп пен қалыптың шеңберінен шыға бермейтін шараларды түсіреді. Бірақ, шын талант тақыр жерден тамаша туынды табады. Мәселен, Акопян Елбасымызды суретке түсіріп, әлеуметтік желіге бірден танымалған.

Давид Акопян, фотограф:

- Өте көп тақырыптар бар. Мен шамамен бір апта осында жүрмін. Бірақ, соның өзі аз. Өйткені, Астана сұлу қала. Ал, оны суретке түсіру үшін көп уақыт керек. Тіпті, бір ай. Алайда, болашақта Астананы тағы бір түсіруге мүмкіндігім мен уақытым болады деп үміттенемін.

Бұл көрмеге шетелдік шебер фотографтардың 200-ге жуық үздік туындысы қойылған. Олардың барлығында Астананың әсем бейнесі бар. Фестивальдің тағы бір ерекшелігі, 20 фотограф нақты 20 бағыт бойынша жұмыс істеді.

Сұлтан Срайылов, «Photofest.kz» фотокөрмесінің атқарушы директоры:

- Олар бір апта бойы қаланы аралады. Қаламыздың ең жақсы жерлерін түсірді. Басқа фестивальдерге барғанда осы фотолармен қатысады.

Шараға қазақстандық фотографтар да қатысуда. Олардың да шеберлігі шетелдіктерден кем емес. Ал, обективтер олжалаған әсемдікті қала тұрғындары мен қонақтары сүйсіне тамашалап жүр.

Жұлдыз Абирова, Қызылорда облысының тұрғыны:

- Фотокөрмемен таныстым. Астанаға бірінші рет келуім. Ұнап жатыр.

Бұл шара Астананың 20 жылдығына орай ұйымдастырылған. Халықаралық фотокөрме бір айға жалғасады. «Бәйтеректің» қасында суреттер сөйлеп жатыр.

 

Азамат БЕЙБІТҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу