Астана жиырма жылда жер-жаһанның жүрегіне айналды. Басында тақыр жерге тамыр жайған шаһарды қазір шартарап түгел таныды. Ендігі мақсат -әлемдегі интеллектуалды әрі заманауи 50 қаланың қатарына қосылу.
Еселі екі он жылдық. Астана осы аралықта төрткүл дүниедегі түйіткілдер шешілетін төрге айналды. Мұнымыз бос сөз емес. Бас қала былтырдан бері Шамдағы шырғалаңды шешу үшін 8 дүркін алаң ұсынды. Рас, кепіл елдер Есілге келіп ес жиып, бес құрлық күткен келісімге келді. Нәтижесінде қаскөйлер мен әлеуетіне сеніп, әлімжеттік жасайтындар Ливияға лап қойып, Сирияға сес көрсетуін сиретті.
Рамзи Еззельдин Рамзи, БҰҰ Бас хатшысының Сирия жөніндегі арнайы өкілінің орынбасары:
- Астана процесінде жетістік жетерлік. Өткен мамыр айында Сириядағы өлім-жітім екі мың он бірінші жылдан бергі ең төменгі көрсеткішке жеткен. Астананың тараптарға алаң ұсынуының нәтижесінде дескалация аймағы құрылып, минадан тазарту, тұтқындарды беру жұмыстарына қол жеткізілді.
Дін-бірліктің діңгегі. Адамзаттың бәрін бауырым деп сүйетін қазақстандықтар сенімі өзгені өзекке теуіп, нәсілі басқаны бөлектеген емес. Қайта әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының бес бірдей съезін Астанада өткізіп, дінді терроризмге апарып тірейтін арамза ойлардан арашалап алды. Шетелдік сарапшылармен пікірлесе келе, елордада болған жаһандық жиындарды бір сәттік деп бағалаудың орынсыз екенін ұғындық
Франко Фраттини, Италияның бұрынғы Сыртқы істер министрі:
- Мен осы жерде 2010 жылы болған ОБСЕ саммитіне Италияның үкіметі мен Сыртқы істер министрлігінің өкілі ретінде қатыстым. Саммит барысында Астана декларациясына енгізілген күрделі мақсаттар үлкен әсер қалдырды. Жылдар өткеннен кейін сол декларацияның жаһандық деңгейде үлкен қадамдарға қол жеткізуге көмектескенін көріп отырмын.
Экмелледин Ихсаноглу, Ислам Ынтымақтастық Ұйымының 9-шы бас хатшысы:
-2011 жылы Астанада жыл сайынғы Ислам Ынтымақтастық Ұйымы министрлерінің кездесуі өтті. Онда адам құқықтары жөніндегі тәуелсіз мекеме құру шешімі қабылданды. Бұған қоса, экономикалық өзара әрекеттесу мәселелері бойынша, ұйымының Орталық Азия елдерімен ынтымақтастығы туралы келісімдерге қол жеткізілді. Сол үшін де бұл қаланың орны бөлек.
Елорда енді әлемдік ақша айналымының өзегіне айналмақ. Бұған осы жылдың 5-ші шілдесінде әлемдік қауымдастыққа ресми түрде таныстырылатын «Астана» қаржы орталығы дәлел. Қазірдің өзінде Шығыс Азия елдерінің 13 компаниясы «Астана» халықаралық қаржы орталығының тіркеуінен өтіп үлгерді. 30 өтініш қаралып жатыр. Жыл соңына дейін олардың қатары 100, алдағы үш жылда 500-ге жетеді деп болжанып отыр.
Ариель Коэн, Ғаламдық қауіпсіздікті талдау институтының аға ғылыми қызметкері /АҚШ/:
- Астана өзін халықаралық сауда қарқынын арттыруға ықпал етуші ретінде танытып, инвестициялық тартымдылығы жоғары мекенге баланып келеді. Бұл шаһар болашақта Нью-Йорк, Шанхай сынды жаһандық қаржы орталығына айналып жатса, еш таңғалмаймын.
Мұратбек Иманалиев, Шанхай Ынтымақтастың Ұйымының бұрынғы бас хатшысы /Қырғызстан/:
- Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы мен Еуразиялық экономикалық одақ саммиттері, «ЭКСПО»-ның өтуі, яғни, осының барлығы Астананың саусақпен санарлық Вена, Брюссель, Женева тәрізді халықаралық алаңдардың қатарында екенін көрсетеді.
Астана жайлы айтар аз емес. Осы жерден ой қорытсақ, аразды татуластырып, жатты жақындастырып, қас дұшпанды дос, көңілді қош еткен бейбітшілік қаласына тек біз ғана емес, бүкіл әлем қарыздар.
Досымжан ЕРМҰРАТ