Елорданың 20 жылдығы шет мемлекеттерде де тойланып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елорданың 20 жылдығы шет мемлекеттерде де тойланып жатыр

06.07.2018

Омбы облысының бірыңғай қазақтар тұратын Қоянбай ауылының 120 жылдығы Астана мерейтойымен тұспа-тұс келді. Қандастарымыз қос мерекеге орай  той-думан өткізді. Омбы қаласының өзінде де мерекелік шаралар ұйымдастырылып, қазақтың ұлттық өнері танытылды.

Бақытжан Омар, тілші:

- Қоянбай ауылы. Омбы облысындағы ең көне елді мекендердің бірі. Мұнда 400-ге жуық отбасы тұрады. Барлығы да қазақтар. Бір ғасырдан астан тарихы бар елді мекеннің тұрғындары осы уақытқа дейін салт-дәстүрді әдет-ғұрыптарды еш үзбей келген.

Омбы облысында қазір 40-қа жуық қазақ ауылы бар. Қоянбай солардың ең ірісі. Дәстүрге берік, ана тілге құрметі ерек мұндағы халықтың. Ауылдың 120 жылдығы елорданың 20 жылдығымен қатар келіп, қандастарымыз қос мерекені бірдей тойлады. Түрлі ұлт пен ұлысты жинап, қазақтың кеңпейілділігін паш етті.

Юрий Постовой, Таврия муниципалды ауданының басшысы:

- Астананың 20 жылдығын Қоянбайдың 120 жылдығымен қатар атап өтуді жөн санадық. Өйткені, Астана бізге жат қала емес. Көршілес әрі дос елдің бас қаласы. Сондықтан, билік тарапынан оларға қолдау көрсетіп, мерекені бірге тойлаудамыз.

Қоянбай – тас-тасты қуалай ағатын бұлағы, тамылжыған табиғаты бар елді мекен. Айналаны жағалаған жасыл желекке киіз үйлер тігіліп, бұл жерде нағыз қазақ ауылы бой көтерді. Қандастарымыз қос мерекенің қуанышына орай, ат шаптырып, салт бойынша табақ-табақ ет тарттырды. Дәстүрді де, бірлікті де сақтай білетіндерін көрсетті.

Мағжан Бұланов, ауыл ақсақалы:

- Біздің тойымызға бәрі келіп жатыр. Амандық болсын. Балалар өсіп-өніп жатыр. 

Ауыл тұрғындары талай тарихты бастан кешіріп, түрлі қиындықтардан өтсе де ана тіліне еш кір келтірмеген. Қоянбайдағы жалғыз мектепте қазақ тілі оқытылады. Алдыңғы буын өскелең ұрпаққа білгендерін үйретіп, қазақтығын сақтап қалуға әрекет етеді.

Бақытжан ОМАР

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

 

Хабарламаларға жазылу