Жамбылда шағал тас шығаратын зауыттар өзен арнасын бұзып жіберген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбылда шағал тас шығаратын зауыттар өзен арнасын бұзып жіберген

30.04.2024

Жамбылда карьер қазатын компаниялар Аса өзенінің арнасын басқа бағытқа бұрып жіберген. Салдарынан сарылдап аққан су Бәйтерек ауылына жақындаған. Ауыл тұрғындары өзен бойындағы шағал тас шығаратын зауыттар жұмысын тоқтатсын деп талап қойды. Бұқара өзен арнасын өзгерткені былай тұрсын, қазылған орындарды бекітпейді деп наразы. Салдарынан ор-шұңқырға малдары да түсіп, шығындалған.

Құрманбек Есімбеков, ауыл тұрғыны:

Бөгеп тастаған жоқ. Арнаны бұрып жіберді да, судың өзі арнаны тауып алды. + Карьерлердің осындай тасқын суға қорған болатындай арна жасап берсін. Болмаса жұмыстарын тоқтатсын.

Жандар Қазанбаев, ауыл тұрғыны:

Жаңбыр жауған сайын көбейіп жатыр су деген! Жанағы жерді көріңдер, тура анау огородтың аяғынан су ағып жатыр. Айтып жатырмыз, айтып жатырмыз. Қанша жыл болды айтып келе жатқанымызға. Әкімдік ше? Әкімдік келеді, кетеді. Қарастырамыз дейді.

Қазір Жамбыл ауданында 17 компания жер қойнауын бұрғылап жатыр. Оларға жер 20 жылға жалға берілген. Әкімдік өзеннің бағыты бұрылғанын растап отыр. Енді айыппұл салу үшін, табиғатты қорғау мекемелерімен бірге тексеру комиссиясын құрмақ. Ал ауылға тасқыннан төнер қауіп жоқ дейді.

Ербол Жиенқұлов, Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары:

Ауытқу бар. Шу-Талас инспекциясында толығымен сол жерде өзінің руслосы, картасы сызылған. Сол бойынша зерделеу жұмыстары жүргізілгеннен кейін, толыққанды жауабын беретін боламыз.

Данияр Әлімқұл


Хабарламаларға жазылу