Биыл Астанада тұрғындарға мыңнан аса пәтер беру жоспарланған. Жалпы ауданы шамамен 60 мың шаршы метр. Жыл сайын елорда тұрғындарының саны өсіп келеді. Сәйкесінше, тұрғын үйге деген сұраныс та арта түсті. Қазірдің өзінде қалада 50 мыңға жуық адам үй кезегінде тұр. Баспана мәселесін шешу мақсатында «Нұрлы жер» бағдарламасы қабылданғаны белгілі. Бүгін осы бағдарлама аясында салынған үйлерден Астана тұрғындарының бірқатарына пәтер кілті табыс етілді.
Астананың 20 жылдығына орай 328 пәтерлі үй пайдалануға берілді. Олардың ішінде 164 пәтер кезегін күткен тұрғындардың еншісінде. Қала әкімі Әсет Исекешев баспана кілтін қуанған қауымға өзі табыстады.
Бибінұр Шунгулова12 жыл кезегін күткен баспанасының табалдырығын аттады. Отбасының, туған-туысының қуанышында шек жоқ. Банк салымшысының ұзақ жылдар бойғы үміті бүгін ақталды.
Бибінұр Шунгулова, қала тұрғыны:
- Елбасымызға рахмет. Пәтерді «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы алып отырмыз. Екі балам, жолдасым бар. Осы тойды көптен күттік. Елордамыздың 20 жылдығы құтты болсын.
Міне, осылайша 300-ден аса отбасы Астана күнін өз үйлерінде ерекше қуанышпен атап өтпек. Алдағы уақытта осындай қоныс тойын тойлайтын тұрғындардың қатары «7-20-25» бағдарламасы бойынша көбейе түсері анық.
Азамат БЕЙБІТҰЛЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.