Ұлттық арнаның алтын дәуірі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлттық арнаның алтын дәуірі

16.03.2018

Кезек 1998-2007 жылдарда. Осыдан тура 20 жыл бұрын ару Астанамыздың күні тұңғыш рет тойланды. Жаңа ғасыр, жаңа мыңжылдық табалдырыққа енді. Қазақ телевизиясының мұрагері – Ұлттық арнаның да түр-келбеті түлеп, мән-мазмұны жаңғырды.

1998 жылы 6-мамырда Ақмола атауын Астана қаласы деп өзгерту туралы Президент Жарлығы шықты. 10-маусымда тұңғыш рет жаңа астананың ресми тұсаукесері болып, ерке Есіл жағасында елорда күні тойланды.

2000 жыл. Төрткүл дүниемен бірге Қазақ елі де жаңа мыңжылдықты қарсы алды. 31-желтоқсаннан 1-қаңтарға қараған түні «Миллениум Пати Астана» мерекелік шоуы ұйымдастырылып, жұртшылық жаңа ғасырдан жақсылық тілесті.

2000 жылы елдің есінде қалған айтулы оқиға - қазақ спортшыларының Сидней Олимпиадасындағы ғаламат жеңісі. Елдің үкілеген үміттері 3 алтын, 4 күміс жеңіп алып, мемлекеттің мәртебесін асырды.

Елмен бірге Ұлттық арна да еңсесін тіктеді. 2001 жылы облыс орталықтарынан меншікті тілшілер қосыны ашыла бастады. Сол кезде әлемдегі, елдегі алмағайып саяси оқиғаларға батыл шолу жасалды.

2001-2007 жылдары елдің атын иеленген басты арна нағыз Ұлттық арна атанды. Көк жәшіктен ұлттық мүдде, ұлттық құндылықтарды бірінші мәселе етіп көтерген бағдарламалар көрерменге жол тартты. «Күлтөбе», «Шынның жүзі», «Адам іздеп жүрмін», «Анық Абай», «Қазақтың жаны», «Ақжүніс», «Алтын сақа», «Аңсар», «Саят», тағы да басқа тың жобалар, елдің иесі кім, қазақтың жаны қандай, рухты қалай көтереміз деген сауалдарға жауап іздеді.

Ақпарат жаршысы, шабарманы шауып келе жатқан логотип «Жаңалықтар» тарихындағы ең сәтті жасалған дүние болды. Жаңа мыңжылдықтың алғашқы жеті жылжығында Ұлттық арна – ұлт жанашыры болып қалыптасты. Тоқ етері, 1998-2007 жылдар шынымен де Қазақ телевизиясының алтын дәуірі ретінде халық жадында жатталды.

 

Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу