«Ұлттық арнаның алтын дауысы» атанған актер - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Ұлттық арнаның алтын дауысы» атанған актер

07.05.2014
«Ұлттық арнаның алтын дауысы» атанған актер
Табиғатынан ерекше дауыс дарыған адамдар болады. Олар әнші емес, бірақ әуезді дауыстарының арқасында талайдың көңілін баураған дикторлар, дубляж шеберлері.  
 
Қазақ тарихында «қазақтың Левитаны» атанған атақты диктор Әнуарбек Байжанбаев, Асыл Рахымжанова, Омархан Қалмырзаев, Ласкер Сейітов, Сауық Жақанова сынды саңлақтардың бүгінгі жалғасы Азамат Қанапия. Алайда, ол диктор емес, дубляж актері.
 
Дубляж десе, алдымен ойға оралатыны – Фарида Шәріпова. «Менің атым Қожада» Қожаны сөйлеткен актриса «Қыз Жібектегі» Жібектің, «Қыз-жігіттегі» Ғалияның, «Гауһартастағы» Салтанаттың, «Тақиялы періштедегі» Айшаның дауысын шебер ойнатты.
 
Бір фильмде бір емес, бірнеше кейіпкердің дауысын сала алатын шеберлер бүгін де аз емес. Солардың бірі – «Ұлттық арнаның алтын дауысы» атанған белгілі дубляж актері Азамат Қанапия.
 
Оның дауысы жалпақ жұртқа «Көшпенділер», «Сұлтан Сүлеймен», «Көкжалдар мекені», «Қара киімділер-3», «Көліктер-2» фильмдері арқылы жақсы таныс. Соңғы екі жылда түсірілген 7 фильмге тіл бітірген бірегей маман.
 
Өз сөзімен айтқанда: «кейіпкерінің мінез-құлқын түсінуге тырысатын» актерге бірер сұрақ қойған едік...
 
-Дубляж жасау – маманнан асқан шеберлікті талап ететін үлкен өнер ғой. Бұл салаға қалай келдіңіз?
 
-Мен негізі Ж.Елебеков атындағы Эстрада және цирк колледжін театр және кино актері мамандығы бойынша тәмамдадым. Ұстазым Төлеубек Аралбаевтың алған тәлімім шексіз. Алғаш дубляж өнеріне еліміздегі телеарналардың бірінде үздік дауысқа кастинг жарияланды. Сол жерде бағым жанып, жұмысқа қабылдандым.
 
Міне, дубляж саласында жүргеніме 14 жыл болды. Сол себепті, әбден ысылған болармын, еш қобалжу жоқ. Талай жылдан бері түрлі фильмдердің актерлерін дыбыстаумен келемін. Менде жаңылысып қалармын-ау деген ой жоқ.
 
-Еліміздегі алғашқы жауынгерлік шеруді жүргіздіңіз...
 
-Еліміздің алғашқы әскери шеруі өткенде оны дыбыстайтын адам іздеген екен. Бір қызығы, менің дауысымды «Көшпенділер» фильмінен байқап, содан іздепті. Кейін маған хабарласып, Мұхтар Құл-Мұхаммед өзі таңдап алған еді. Биылғы шеруді  жүргізу жауапкершілігі тағы маған жүктеліп отыр.
 
Мен мұндай шерулердің өтіп тұрғанын құп көремін. Жауынгерлік шерудің еліміздің әрбір азаматының, әсіресе, жас ұрпақтың бойындағы ұлттық рухты оятуға серпін берері хақ. Бұл – патриотизмді арттырудың бірден бір жолы.

Хабарламаларға жазылу