Биыл - Ұлттық арнаның 60 жылдық мерейтойы. Ұлттық арнаның мерейтойы – қазақ руханиятындағы үлкен оқиға.
ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, ақын, Ұлттық арнаның ардагері Жүрсін Ерман және оның жұбайы Ұлттық арна ардагері, диктор Бақытжамал Ерманова студия төрінде қонақ болды. Өнер иелері түрлі бағдарламаларды ұсынып, Ұлттық арнаға еңбектері сіңген. Студия қонақтары өткенді еске алып, өмірдегі жаңалықтарымен бөлісті.
«Қазақ теледидарының ішінде біздің көп ғұмырымыз өтті. Әсіресе Бақытжамал ширек ғасырдан астам диктор болып қызмет етті. Мен өнер жолын 1971 жылы Жезқазған облысында бастадым. Кейіннен Алматыға Камал Смаиловтың шақыртуымен ауыстым. Қазақтың талай жақсысымен араластық. Ұлттық арнаның 60 жылдығы біз үшін өте жақсы мейрам.
Бізді өсерген де, бүкіл Қазақстанға таныстырған да осы қазақ телевизиясы. Жас кезімнен әнге құмар болдым. Телевизияға келген соң айтыс жасайын деген ой келді. Жезқазған облысында қызмет жасап жүріп, сол жақтың ән айтатын жігіттерінің басын қосып, айтыс жасадық. Ол 1974 жыл болатын. Кейін Алматыда республикалық көлемде жұмыс жасау мүмкіндігі пайда болған кезде 1984 жылы осында жүргізе бастадық.
Бұл қазақ телевизиясының табысты жобаларының бірі. Айтыс ел ішінде жылдам тарап, ақындар шыға бастады. Өзім болсам облыс, қала аралап, ақын іздеп кеттім. Оның барлығы қазақ теледидарының тарихы. Айтыс қанымызда, тегімізде бар. Сондықтан бұл өнер тез дамыды», - дейді қонақтар.