Әскерилер отбасы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әскерилер отбасы

07.05.2014
Әскерилер отбасы
 
Жамбыл облысындағы Үштаевтар отбасын ауылдастары әскерилердің әулеті деп атайды. Өйткені, бұл шаңырақтағы 4 бірдей азамат еліміздің Қарулы Күштері сапында қызмет етеді. «Отанды қорғау қасиетті борыш, киелі іс». Олардың тағдырын бір арнаға тоғыстырған осындай ұлы мақсат.
 
Үштаевтар әулетіндегі жасы үлкені Жанасбек. Қазір ол өз қарамағындағы сарбаздармен Жеңіс мерекесінде өтетін мәдени шарға дайындық жасап жатыр. Әскери қызметке бір кездегі балаң қиял жетелеп келген болатын. Қазір Қарулы Күштер сапында жүргеніне 20 жылдан асып қалды.
 
Жанасбек Үштаев, Мәдени көпшілік шараларды ұйымдастыру орталығының басшысы:
Отбасымызда 4 адам әскери қызметте істейді. Отан қорғайды. Соны мен мақтан тұтамын.
 
Ал жасы кіші болғанымен інісі Қуанышбектің әскери шені отбасы мүшелері арасында барлығынан жоғары. Подполковник. Қарулы Күштеріміздің сапындағы ерекше құрама саналатын тауда әрекет ететін атқыштар бригадасының командирі. Алматыдағы командалық тактикалық училищені, кейіннен Ұлттық қорғаныс университетін бітірген ол өз ісінің кәсіби маманы.
 
Қуанышбек Үштаев, таулы атқыштар бригадасының командирі:
Әскери қызмет болған соң бағыныштылық болады. Жасқа, үлкен, кішіге қарамаймыз. Өйткені, әркімнің өз жұмысы бар. Әрине, кешке үйге келгенде бірі ағамыз, екіншісі қарындасымыз. Біздің қарым-қатынасымыз осындай.
 
Қуанышбектің жұбайы Фарида да әскери. Қарулы Күштер қатарына жаңадан келген сарбаздарды оқытып, үйретеді. Ер-азаматтармен иық тіресіп, сапқа да тұрады. Әскери бұйырықты бұлжытпай орындайды.
 
Сондай-ақ, отбасының кенжесі Әйгерім де ағаларының жолын қуып, өз өмірін Отан қорғау ісіне арнаған жас.
 
Әйгерім Үштаева, «Оңтүстік» өңіраралық қолбасшылығы штабында кадр бөлімінің маманы:
Әскери қызметте жүріп қана қоймай, сонымен бірге өзіміздің жанұя жағдайымызды да ойлаймыз.
 
Отбасы мүшелерінің қызмет орындары мен шені әртүрлі болғанымен қызметтен кейінгі кешкі дастархан басында ынтамағы жарасқан бір біріне жанашыр бауырлар.
 
Ең бастысы, барлығының ұстанатын ортақ қағидасы - әскери қызметке адалдық. Қиын да жауапты істі абыроймен атқару. 
 
Ғани ҚАЛМАХАНОВ

Хабарламаларға жазылу