Мәскеудегі Жеңіс шеруіне қатысқан ардагерлер елге оралды

10.05.2014
Мәскеудегі Жеңіс шеруіне қатысқан ардагерлер елге оралды
Ресейдегі Жеңіс шеруіне қатысқан қазақстандық үш ардагер: Жанша Жанасов, Александр Колесников, Слямхан Жапархановтар елге оралды. Бүгін қаһарман қарияларымызды тілшілеріміз Алматы әуежайынан күтіп алды. Ұшақтан түсісімен ардагерлер алған әсерлерімен бөлісті. Майдандас достарын көріп, бір марқайғандарын айтты. Алғашқы күні әскери парадты тамашалап, одан соң Ресей Президентінің қабылдауында болған. Владимир Путиннің арнайы құттықтауы жазылған алтын сағат сыйлығы Жанша Жанасұлына тарту етілді. Қария соғыс басталғанда Мәскеу арқылы майданға аттанған. Ал, бұл жолы алып шаһарға бүгінгі бейбіт замандағы мерекені көруге бардым. Енді жеңістің 70 жылдығына аман-есен жетіп, осылай Қызыл алаңда қарсы алсақ деген тілегін айтты. 
 
Жанша Жанасов, соғыс ардагері:
Ресей, Беларуссия, Украинаның батыс жақ өңірін жау алып кеткенде сол жерден әйелдер, балалар, қариялар осы Қазақстанға келіп, орын тапты. Қазақтар қолындағы азды-көпті нанымен, үйінің, жүрегінің жылулығымен бөлісті. Біз осыны Мәскеуге барғанда айттық. Оны олар жақсы түсініп, Қазақстанның соғыстағы ерлігі мен еңбегін бағалап отыр.
 
Айгүл ЕРМАХАН
 

Хабарламаларға жазылу