«Отан қорғаушылар» монументі алаңында мерекелік шаралар жалғасуда.
Ғабит Ұзақбай, тілші:
«Отан қорғаушылар» алаңында қызықты шаралар өте көп. Біз қазақ халқы қашанда үлкенді құрмет тұтатын, оларды ерекше сыйлайтын елміз. Ал жау жағадан алғанда, Отан үшін, ел үшін, кейінгі ұрпақтың бейбіт өмірі үшін соғысқа аттанып, қан төгіп, жеңіспен оралған қарт ардагерлерімізге көрсетілетін құрмет тіптен ерекше.
Бүгін астаналықтар мен қала қонақтары әдеттегі дәстүрінен жаңылмай, «Отан қорғаушылар» алаңына келіп, қарт майдангерлермен кездесіп, оларды құттықтап, тілектерін айтуда. Есесіне ардагерлердің батасын да алып жатыр.
Қазір бұл жерден майдан даласының шағын көріністерін де байқауға болады. Мұнда қарт майдангерлер достарымен кездесіп, өткен-кеткенді еске алысады. Өздерін құттықтап келіп жатқан жас ұрпаққа өсиеттерін айтып, баталарын беруде.
Майдан даласы шынайы болуы үшін, әскери техникалар қойылып, шатырлар тігілген. Тіпті сарбаздарға арнайы дайындалатын анайы көжеден де осы жерде дәм татуға болады. Бізге жеңіс әкелген қарттарға көрсетіліп жатқан құрмет осындай. Жаңа ғана оларды Елбасы құттықтап кетті.
Қазір республика бойынша 6,5 мыңнан астам ардагер бар. Олардың саны 2011 жылы 11 мыңнан асатын. Қазір олардың барлығы баспанамен қамтылған. Сонымен қатар, мемлекет соғыс ардагерлеріне барынша көмек көрсетуде. Оларды тегін емдеп, жолақы билеттерін алып беріп, баспанамен қамытып, зейнетақыларын өсіруде.
Ғабит Ұзақбай, тілші:
Дәл осылай ардагерлерін құттықтап, құрметтейтін елдер санаулы ғана. Солардың бірі – Қазақстан. «Отан қорғаушылар» алаңындағы мерекелік шаралар әрі қарай жалғасады. Дәл қазір өнер майталмандарының қатысуымен концерт өтеді. Одан кейін де түрлі іс-шаралар өтеді деп жоспарлануда.
Ғабит ҰЗАҚБАЙ