Жамбыл облысында жаңа компрессорлық станция ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл облысында жаңа компрессорлық станция ашылды

14.12.2017

Тәуелсіздік күні қарсаңында «Қазақстан-Қытай» магистральдық газ құбырының жаңа №3 компрессорлық станциясы іске қосылды. Бұл «С» тармағының бойына жоспарланған 8 станцияның бірі.  Нысан Жамбыл облысындағы Айша бибі елді мекенінің маңында орналасқан. Газ құбыры жаңа орталық есебінен қуатын ұлғайтты.

Жаңа нысан бүгін салтанатты түрде іске қосылып, алғаш рет түймесі басылды. Салтанатты рәсім станция мен Астанадағы диспечерлік орталық арасында онлайн режимде өтті. Жалпы, жоба алғаш рет іске қосылған 2008 жылдан бері құбыр бойымен 200 миллиард текше метр газ айдалған. Жоспарланған барлық станция іске қосылса, магистральдің қуаттылығы бір жылда 55 миллиард текше метрге жетті.

Кәрім Көкірекбаев, Жамбыл облысының әкімі:

- «Бейнеу – Бозай, Шымкент» газ магистралі қосылғалы біз өзімізді газбен қамтып, артығын экспортқа шығаруға мүмкіндігіміз бар. Жамбыл облысындағы 377 елді мекеннің 50 пайызы көгілдір отынмен қамтылған.

Құрылыс жұмыстары биылғы жылдың маусым айында аяқталған. Станцияда 3 компрессорлық орталық бар. Нысан соңғы, заманауи газ өткізу құрылғыларымен жабдықталған. Құбыр тек оңтүстік тұрғындарына ғана емес, елге де өте тиімді болып отыр.

Сауат Мыңбаев, «ҚазМұнайГаз» ҰҚ АҚ басқармасының төрағасы:

- Бұл егемендігімізге, елдің тұрмысына өте маңызды нәрсе. Бүгінгі суықтың өзінде оңтүстікті ғана газбен қамтамасыз етіп қоймай, біраз газымыз Қытайға экспортталып отыр. Оның бәрі жергілікті бюджетке, Республикалық бюджетке, «ҚазМұнайГазға», «ҚазТранГазға» қосымша табыс.

Жаңа станция 100-ден астам адамды тұрақты жұмыспен қамтиды. Қазіргі уақытта тағы 2 орталықтың құрылысы жүріп жатыр. Жоспар бойынша келер жылы жұмысын бастайды. Содан кейін 4 елдің аумағынан өтетін магистраль толық қуаттылығына енеді.

 

Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу