«Меркі» автоматтандырылған газ тарату станциясы іске қосылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Меркі» автоматтандырылған газ тарату станциясы іске қосылды

11.03.2021

Жамбыл облысы Меркі ауданында автоматтандырылған газ тарату станциясы іске қосылды. Жаңа қондырғы тұтынушыларға көгілдір отынды үздіксіз жеткізіп отыруға мүмкіндік береді. «ҚазТранГаз» ұлттық операторы тарту еткен жаңа станция елдімекендерге газ тарату көрсеткішін үш есеге дейін ұлғайтады. Енді бұған дейін газдың қысымы төмен кейбір ауылдарда көгілдір отынның көлемі артады.

Ел игілігіне берілген «Меркі» автоматтандырылған газ тарату станциясының өткізгіштік қабілеті ауданды газбен толық қамтуға жетеді. Заманауи технологиямен салынған станция газды көп тұтынатын қыс айларында да көгілдір отынды жоғары қысымда ұстап тұрады. Тіпті газ құбыры желілерін жөндеу кезінде де көгілдір отын жеткізу іркілмейді.

Әуез Бекебаев «Интергаз Орталық Азия» АҚ «Тараз» МГҚБ директорының бірінші орынбасары:
 Автоматты газ тарату станциясын іске қосу бүкіл Меркі ауданы үшін аса маңызды. Өйткені мұнда әңігіме ескіні жаңғыртуда емес мүлде жаңа станцияны салу туралы болып отыр.

Жаңа станциядағы жұмыс барысы бейнебақылау арқылы қашықтықтан басқарылады. Барлық процесс автоматтандырылған. Ал отыз жыл бұрын салынған ескі станция бүгінге дейін қызмет еткенімен, тозығы жеткен жабдықтар елді мекендерге тұрақты газ жеткізуге қауқарсыз. Мамандар қыс айларында газ қысымы мүлде төмендеп кететін дейді.

Әуез Бекебаев «Интергаз Орталық Азия» АҚ «Тараз» МГҚБ директорының бірінші орынбасары:
Ескі станцияларда барлық операцияларды қолмен жасайтын, қолмен жасағаннан кейін адамның кішкене қателігі болып қалуы мүмкін. Ал мына жерде барлығы автоматты түрде жасалған. Сол үшін мұндай операциялар жасалатын станцияда ешқандай қателік болмайды деп есептеймін.

Жаңа газ тарату станциясы Меркі ауданындағы 16 елді мекенге жоғары қысымды газ жеткізуге мүмкіндік берді. Оған 13 мыңға жуық тұрғын үй мен 420 коммуналдық нысан кіреді. Сондай-ақ, аудандағы 33 өнеркәсіп орны да жоғары қысымды көгілдір отынға қол жеткізді. Жаңа станциясы аудандағы шағын және орта бизнестің дамуына да кең өріс ашады. Әрі жаңа жұмыс орындарының пайда болуына сеп болмақ.

Сәбит Әлдебай

Хабарламаларға жазылу