«ЭКСПО» көрмесінен 105 технология таңдап алынды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«ЭКСПО» көрмесінен 105 технология таңдап алынды

13.10.2017

Осы айдың соңына дейін «ЭКСПО-2017» көрмесінен таңдап алынған технологияларды енгізу бойынша жол картасы қабылданады. Бұл туралы Энергетика министрлігі хабарлады. Жалпы, халықаралық көрме кезінде 100-ден астам тың технология қабылданып, оларды енгізу жұмыстары қолға алынған. Олардың қатарында «жасыл» энергетика мен «жасыл» экономика, қатты қалдықтарды өңдеу және қоршаған ортаны қорғауға қатысты жобалар бар.

«ЭКСПО» кезінде Қазақстан өзгелерден тың технологияны алып қана қоймай, өз өнертабыстарын да ұсынды. Мысалы, қарағандылық өнертапқыш Александр Борисенконың «Абсолют эколоджи жобасына» немістер қызығушылық танытқан. Ол өндірістен шыққан улы газдарды тазартып, атмосфераға шығатын зиянды заттарды азайтуды ойлап тапқан. Өнертапқыштың өзі қазір Германияда. Келіссөз жүргізуге шақырту алған. Оның жобалары болашақта елімізде де енгізіледі.

Елдос Абақанов,  «ҚР Энергия тиімділігі және ресурс үнемдеу қоғамдық палатасы» ЗТБ басқарма төрағасы:

- Бұл кісінің технологиясы ауаны тазартуға бағытталған. Яғни, көмірқышқыл газын төмендетуге арналған. Біріншіден, мұны үлкен өнеркәсіпте де пайдалануға болады. Екіншіден, біз Арнасай ауылында жабық бөлмеде қолдандық. Мысалы, жылыжайға орнаттық. Сонда көргеніміз, аппараттың қасында өскен өсімдік биік болып өсті, алысырақ тұрғаны төмен өсті.

«ЭКСПО» көрмесі кезінде Қазақстан түрлі тақырыпты қамтитын 105 тың технологияны таңдап алған. Оның ішінде энергия тиімділік пен энергияны үнемдеу,  мұнай-газ саласындағы жаңа жобалар да бар. Қазір отандық 170 компания оларды қажетінше іріктеп, енгізу үшін керек қаржы көлемін анықтауда.

Сергей Костин, «ҚазТрансОйл» АҚ департамент директорының орынбасары:

 - Біз «ЭКСПО» көрмесінен Австрия, Словакия секілді елдердің жобаларын таңдап алдық. Мысалы, словакиялық компанияның экокапсула  технологиясы. Бұл электр желісі мен жылуы бар мобильді үйшіктер. Ауа температурасы минус 50-ден плюс 50 градусқа дейін пайдалана беруге болады. Қазір ол сынақтан өтуде. Ондай капсулаларды біз елсіз жерлердегі жөндеу жұмыстары кезінде немесе күзет бекеті ретінде  пайдалана аламыз

«ЭКСПО» көрмесінде таныстырылған жаңа жобаларды тәжірибеге енгізуге әкімдіктер де атсалысады. Әсіресе, шалғайдағы елді мекендерге электр энергиясын тарату мен смарт қала құруға қатысты жобаларға қызығушылық көп. Олар мемлекеттік және жеке меншік әріптестік  немесе инвестициялық жоба аясында жүзеге асады.

Дулат АБИБУЛЛАЕВ

Хабарламаларға жазылу