Осыдан тура 1 жыл бұрын «ЭКСПО» көрмесі ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Осыдан тура 1 жыл бұрын «ЭКСПО» көрмесі ашылды

11.06.2018

Астананың абыройын асқақтатқан ауқымды шаралардың бірі – «ЭКСПО -2017». Көрменің жұмысын бастағанына тура 1 жыл болды. Жаһан жұртына жаңа технологиялардың үлгісін таныстырған халықаралық шара елордамыздың дамуына, жалпы қазақ елі имиджінің өсуіне көп көмек болды.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

- «Болашақ энергиясын» басты тақырып ретінде алған шарада әлем ғалымдары ұсынған 193 озық технология таныстырылды. Еліміздің әр өңірі солардың ішінен өздеріне қажетті, лайықты жобаларды таңдап, іске асырып жатыр. Астананың өзінде ғана 16 озық технология таңдалып алынды.

Нұргүл Әліпбинова, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК Халықаралық қатынастарды дамыту департаментінің бас менеджері:

- Көрме барысында 220 іскерлік іс-шара ұйымдастырылды. Соларға 28 мемлекеттің президенті, премьер-министрлер, министрлер, мемлекеттердің хатшылары қатысқан болатын. Әрине, бұл еліміздің беделін бірнеше есе арттыра түсті.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

-Қазақстан тұрақты дамып жатқан, экономикасы сенімді, яғни, инвестиция құюға лайықты орын екендігін шетелдік компанияларға көрсете білдік. 174 гектар аймақты алып жатқан шағын қалашық Астананың көркін арттырып, жаңаша рең беріп тұр. Болашақ энергиясының нышаны ретінде салынған «Нұр Әлем» сферасы Қазақстанда өткен халықаралық көрменің ғана емес, 20 жылдығын думандатып тойлап жатқан Астананың символына айналды. Шар тәріздес ерекше дизайны шаһарға келген әрбір туристің есінде сақталатыны да сөзсіз. «ЭКСПО-2017» аяқталғанымен «Нұр Әлем» жұмысын тоқтатпады. Мұражай ретінде сақталып, демалушыларды, сырттан келген туристерді қабылдап, жұмыс істеп тұр.

Сержан Сапарқұл, стендист:

- Жұмыс күндері келушілердің саны 800-дей болатын болса, демалыс күндері одан көбірек болады. Мұражай ретінде көп зат өзгерген жоқ.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

- 4 миллион туристі қабылдаған «ЭКСПО» аумағында елорданың 20 жылдығы қарсаңында түрлі ауқымды шаралар өткізілмек. Бұл қалашық шаһардың маңызды аудандарының бірі екендігін, Астананың өніп-өсіп, өркендеуіне үлес қосқан сәтті жоба екендігін тағы бір дәлелдеп отыр.

Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Play Market сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу