Бүгін — Ұлттық домбыра күні

07.07.2019

Бүгін Ұлттық домбыра күні. Былтыр күллі қазақ өзінің көнеден келе жатқан қасиетті аспабы қара домбырасын қастерлеп, алғаш рет Ұлттық домбыра күнін атап өткені ел есінде. Тұңғыш Президент — Елбасының Жарлығымен бекіген тағы бір тағылымы мол мерекеге Алтай мен Атыраудың, Алатау мен Арқаның арасындағы Қазақ жұрты бүгін хәл- қадірінше үлес қосты, үн қатты. Күмбірлетіп күй төкті, әуелетіп ән салды. Бір сәт Мәңгілік елдің аспаны мәңгілік мұраның асыл мұратын асқақтатып, арман мүддесін абырой биігіне қалықтатты, шабытты шарықтатты. Алтайдан Ақтеңізге дейінгі аралықты қоныстанған түркі халықтарына ортақ мәдени, әдеби, тарихи құндылықтар өте көп. Солардың бірі — қазақтың ұлттық аспабы домбыра. Екі шекті, тоғыз пернелі аспаптың тарихын тым тереңнен тарқататын дерек-дәйектер де жетерлік. 1986-жылы көне домбыраның суреті қашалған тас табылған.  Онда екі құлағы бар, яғни екі ішекті, ұзын мойны, бетқақпақпен жабылған шанағына дейін ұқсас аспап бейнеленген. Оны зерттеген ғалымдар бұл сурет кем дегенде біздің дәуірімізге дейін 4 мың жыл бұрын бейнеленген деген тұжырымға келген.  Бұған біздің заманның 2 ғасырын қоссаңыз, тұп-тура 6 мың жыл шығады. Сондықтан «жер бетіндегі ішекті музыкалық аспаптардың арғы атасы –қазақтың қара домбырасы»,-деуге толық негіз бар. Ғалымдар домбырада ойналатын жеті мыңнан астам күй бар дейді. Солардың бүгінде екі мыңдайы ғана айналымда жүр. Ал жер бетінде қазір осыншама репертуары сақталған бірде-бір аспап жоқ.

 

Хабарламаларға жазылу