«Туған жерге туыңды тік» дейді қазақ. Нұрсұлтан Назарбаев Алматы облысына сапары кезінде туған ауылы Шамалғанға барып, спорт кешенінің ашылуына қатысты. Естеріңізде болса, Елбасы «Рухани жаңғыру» мақаласында «Туған жер» бағдарламасына ерекше маңыз берген еді. Бұл ұсынысты қолдай кеткен қалталы азаматтар өздерінің ауылдарында ел игілігі үшін қажет нысандардың құрылысына қаржы құйып, шарапатты іс атқара бастады. Шамалғандағы «Үшқоңыр» спорт кешені де – сол бастаманың жемісі. Ғимараттың іргетасы 2017-жылдың қыркүйегінде қаланды. Нұрсұлтан Назарбаев екі жыл ішінде ауылға бірнеше рет барып, құрылыс барысын өзі қадағалаған. Енді бұл жолы кешеннің ашылуына қатысып, қуанышты ауылдастарымен бірге бөлісті. Кешенде спорттың 16 түрі бойынша үйірмелер жұмыс істейді. Үлкен және кіші бассейндер бар. Балалар еркін күрес, дзюдо, бокс, волейбол, жеңіл атлетика, таеквандо мен үлкен теннис сынды олимпиадалық спорт түрлерінен жаттығады. Мекемеде 45 жаттықтырушы қызмет етеді. 2 мыңға жуық спортшыны дайындап шығаруға мүмкіндік бар. Елбасы бұл кешеннен болашақ олимпиада жеңімпаздары түлеп шығатынына сенім білдірді.