Қазақстанның бүгінгі жеткен жетістігі осыдан 21 жыл бұрынғы жоспардың жемісі. 21 жыл бұрын, сонау 1997 жылдың қазанында Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына алғашқы Жолдауын арнады. Тап осы Жолдауда «Қазақстан-2030» деп аталған ұзақ мерзімді даму стратегиясы қабылданды.
Мемлекет алдыға қыруар мақсат қойды. Орталық Азия барысына айналуды көздеді. Саясидан бұрын экономикалық модернизацияны қолға алды. Шикізат секторына әсіресе, мұнай-газ саласына көп көңіл бөлінді. Бағдарлы жүргізілген жұмыс-нәтижесін беріп, экономикада серпіліс сезілді.
Ал, Елбасының биылғы Жолдауында әлеуметтік мәселелерді шешуге басымдық берілген. Маңызды құжат 6 тараудан тұрады. Алғашқысы халық табысының өсуі. Екінші тарауда халық тұрмысының сапасын арттыру жайы көтерілген. Өмір сүруге жайлы орта қалыптастыру, азаматтар сұранысына бейімделген мемлекеттік аппарат, тиімді сыртқы саясат мәселелеріне де Елбасы кеңінен тоқталған.
Сондай-ақ, Қазақстандағы өзгерістер үдерістеріне әрбір азамат атсалысу керектігін Президент қадап айтты. Әрбір тарау бірнеше тармаққа бөлінген. Осылайша, Елбасы мәселелерді көтеріп қана қоймай, оларды шешудің жолдарын да айқындап берді.
Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.