Сандық дәуірдің салтанат құратын күні алыс емес - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сандық дәуірдің салтанат құратын күні алыс емес

18.02.2018

Осы аптада Ақпарат және коммуникациялар министрілігінің алқа мәжілісі өтті. Жоспарлары жойқын, бағыттары айқын. Тақырып – трендте. Цифрландыру. Жұмыр жердің миллиардтаған тұрғыны, түрлі қауым, тұтас жұрт жыл санап емес, ай санап, тіпті апта мен күн санап, цифрландыру дәуірінің сиқырлы әлеміне еніп барады. Осы бағдарламаның арқасында қазақтың экономикасы 30 пайызға немесе 2 триллион теңгеге ұлғаюы керек. Қазір бұл бағытта бәсі биік жұмыстар басталып кетті. Негізі, біз қоғамдық сананы «цифрлық жүйе қалыптастырады» деуден аулақпыз. Бірақ, сол сандық жүйесіз қоғамның алға қозғалуы кәдік екенін кәдімгідей түсіне бастадық. Өйткені, қазіргідей технология мен техника сәт санап дамыған сәтте, одан қалып қойсаң, замана көшіне ілесе алмайсың. Сондықтан, әп-сәтте бірдеңе ойлап тауып, тездетіп тетігін енгізіп, тез дамытып, тез пайда тауып, тез жаңартып, тез жаңғыртпасаң, тезек терген күнің сол тезек терген күн. Әлем болып, осы технологиялық дәуірдің дәуренін дәуірлетуді қолға алған кезең қазір. «Сондықтан сандық дәуірдің салтанат құратын күні алыс емес», - дейді білетіндер. Қазақ елі де қазір сандық жүйе, цифрландыру дегенді қоғамның кез келген секторына сіңіруге көшті. Жемісін көріп те қалармыз.

Хабарламаларға жазылу