Болашақта Алматы әлемнің экономикасы қуатты шаһарларының қатарына қосылады - Мемлекет басшысы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Болашақта Алматы әлемнің экономикасы қуатты шаһарларының қатарына қосылады - Мемлекет басшысы

24.09.2017

Мемлекет басшысының Жамбыл жеріндегі жұмыс сапары одан әрі қарай Алматыда жалғасты. Естеріңізде болса, көктемнің басында қала әкімі Бауыржан Байбек Алматының келбетін түбегейлі өзгертуді көздеген жоспар құрып, оны жүзеге асыруға кірісіп те кеткен болатын. Ол үшін тіпті Голландиядан Ян Гейл есімді архитекторды да алдыртты. Жобаның басты мақсаты – мекемелерді қоршаған шарбақтарды ғана алып тастау емес, бүкіл қала инфрақұрылымын көліктерге емес, жаяу жүргіншілер мен велосипедшілерге ыңғайлы етіп қайта құру еді.

Сөйтіп, Алматыны шын мәнінде туризмге қолайлы, экологиялық жағынан едәуір тазарған қалаға айналдыру. Ол үшін тіпті бірнеше көшені толықтай көліктерден тазартып, фонтандары мен арықтарынан тау суы сарқыраған саябақтар жасау көзделген болатын. Жоба авторлары әкіммен қоса бұл жобаны бір жаз ішінде бітіретінін мәлімдеген еді. Айтылған сөз атылған оқпен тең демекші, жаз бітті, жұмысты көрсететін кез келді. Атқарылған шаруаны Президент те көруге барды.

Алайда, Елбасы Алматының гүл жайнаған орталығын араламастан бұрын, алдымен шалғайда жатқан, осыдан 3 жыл бұрын ғана құрылған Наурызбай ауданына барып, аймақтың әлеуметтік инфрақұрылымымен танысты. Салынған ғимараттар мен ауруханаларды көріп қайтты. Содан кейін ғана қаланың жаяу жүргіншілерге арналған Жібек жолы және Панфилов көшелерін аралап көрді. Соңында Нұрсұлтан Назарбаев Алматының дамуы жөніндегі жиынға қатысып, қала әкіміне бірқатар тапсырма жүктеді.

Бақытжан ОМАР

Хабарламаларға жазылу