Қазынадан қыруар қаржы бөліп, Қамбар ата түлігін түлетушілерге жеңілдетілген өсіммен несие беруде.
Жыл басынан бері елімізде «Құлан» бағдарламасына қатысуға 400 шаруадан өтініш түссе, қазір олардың 380-ні қанағаттандырылған.
Жылқыбайдың жылқы баққанына көп бола қойған жоқ. Осыдан он жыл бұрын өзі туған Бурабайда шаруа қожалығын құрып, ірі-қара мен ұсақ мал өсіре бастаған ол соңғы жылдары бар табысын табындағы жылқы тұяғын артыруға жұмсап келген.
Бірақ қысқа жіп күрмеуге келмей тұрған сәтте Үкімет қабылдаған «Құлан» бағдарламасын құлағы шалып, Аграрлық несие корпорациясына хабарласады.
Жылқыбай Ғалиақпаров, «Жас» шаруа қожалығының жетекшісі:
Бүкіл бағдарламаны зерттеп, өте қолайлы, жақсы болғаннан кейін несие алдық. Бірінші транш – 11,5 миллион теңге. Оған 30 бие, екі айғыр алдым.
Кейін екінші транш алдым, ол – 5,5 миллион теңге. Оған 1 жаңа трактор алдым. Өйткені, осы малға жем-шөпке, малды жайлауға бәріне өте қолайлы.
Жылқыбайдың қорасында қазір 300-дей жылқы бар. Қысы жазы қымыз сатып, Астанаға қазы-қарта, жал-жая жеткізетін шаруа «Құлан» құтты бағдарлама болды дейді. Себебі дәл осы бағдарлама бойынша берілетін несиенің жеңілдігі көп.
Жылқыбай Ғалиақпаров, «Жас» шаруа қожалығының жетекшісі:
Өте қолайлы, өйткені үш жыл демалысы бар. Үш жылға тек пайызын ғана төлейсің. Бұл өте тиімді. Ауыртпалық түспейді. Үкімет 14 пайызбен берді. Оның 7 пайызын Үкімет қайтарып береді.
Үкімет «Құланнан» бөлек, жайылымды жерлерге су жеткізу және қой өсіретін шаруаларға арнап «Алтын асық» бағдарламасын да жүзеге асырып келеді.
Биыл осы үш бағдарлама мен агросектордың басқада салаларын дамытуға 80 миллиард теңге бөлінген.
Айжан Кенжебаева, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ аймақтық даму департаментінің директоры:
Биыл ғана қолға алынған «Құлан» бағдарламасына 3,5 миллиард теңге бөлінді. Оған 10 мың бас жылқы сатып алу жоспарланған. Қазір шаруалар 8,5 мың аналық бас пен 500-дей айғыр сатып алды.
Жылқыбай Ғалиақпаров Президенттің биылғы «Нұрлы жол» бағдарламасын басынан-аяқ оқып шыққан. Құжаттағы шағын және орта кәсіпке жасалатын қамқорлыққа ол қанаттанып жүр қазір.
Ауылдың 50 шақты азаматын тұрақты жұмыспен қамтып отырған шаруа енді мал басын асылдандыруға ден қойып, мал азығын өсіретін алқаптың ауданын кеңейтсем деп жүр.
Айбек ҚОБДАБАЙ