Ауыл, аудан әкімдері халыққа есеп беруде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ауыл, аудан әкімдері халыққа есеп беруде

22.01.2017
Ауыл - қазақтың алтын бесігі. Ауыл - қазақтың қадір-қасиеті. Ауыл - қазақтың болмыс-бітімі. Ауыл - руханияттың темірқазығы. Ауыл - береке-бірліктің бастауы. Амандық-сәлемі алдымен мал-жанының саулығынан басталатын қазақтың тұрмыс-тіршілігі түгел ауылмен астасып жатады. Алайда, айта берсең таусылмайтын осы бір қазыналы мекенде қазір қаншалықты қадір қалды?! 90-шы жылдардағы тоқырауды айтпағанда, жаһандану мен урбанизацияның өзі ауылдың ахуалын адам аярлық күйге түсірді. Әлі де жетісіп тұрған жоқ.

Біз ауылдың ахуалы көштен қалып, көптен жырақ кетті деуден аулақпыз, әрине. Көз көрген мекеннің өзгерген дүниелері баршылық. Бірақ, бәрібір жетпей жататын нәрсе - ол күнделікті тірліктің түйткілдері. Ауылда таза су жоқ. Ауылда жол жоқ. Мектеп пен Мәдениет үйінің хәлі мүшкіл. Жан бағып отырған бір-екі қарасы мен оншақты тұсағын жаярға жер жоқ. Тоқ жоқ, ол жоқ, бұл жоқ, тізе берсең, жетеді енді. Қайтпек қажет? Билік өз қотырын өзі қасып, өз мәселесін өзі шешсін деген ниетпен жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту тетіктерін әлі қарастырып жатыр. Бірақ, тиісті заңның қабылдануы да тым ұзаққа созылып кетті. Мәжілістегілер ауылдағылардың өз қолы өз аузына жететін күнді жақындататын заңды осы аптада бірінші оқылымда мақұлдады. Дәл осы аптадан бастап ауыл әкімдері халыққа есеп бере бастады.

Айбек ҚОБДАБАЙ

Хабарламаларға жазылу