Ауыл әкімдері есеп беруде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ауыл әкімдері есеп беруде

15.01.2014
Ауыл әкімдері есеп беруде

Жарты жыл бұрын елімізде аудандық маңызы бар қалалар және ауылдық округтер әкімдерін сайлау науқаны өткендігі белгілі. Бұл кезде Атырау облысы бойынша әкімдікке сайлануға 214 үміткер қатысты.

 
Олардың ішінен 71 ауыл әкімі және бір аудандық маңыздағы қала әкімі сайланды. Қазір олар жарты жылда атқарған жұмыстарын саралап, ауыл халқы алдында есеп беруде.
 
Атырау облысының Махамбет ауданына  қарасты Ақжайық селосының әкімі өңірде алғашқылардың бірі болып  елді мекен тұрғындары алдында атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы уақытта қолға алынар  шаруаларды айқындады.  
 
Ақжайық ауылының халық саны 1300-ге жуықтайды. Қазір тұрғындардың әлеуметтік жағдайы жақсарған. Елді мекен күннен-күнге көркейіп келеді, әлеуеті артты. Көшелердің көбіне тас жол төселді. Халық толықтай газбен қамтылған. Мәдениет үйі мен амбулаториялық бөлімшенің құрылысы жүріп жатыр. Жаңа жұмыс орындары көбеюде.
 
Сайлаубай Жұмағалиев, Ақжайық селосының әкімі:
Өңірлерді дамыту бағдарламасы бойынша балаларға ойын алаңын салу, тұрғындарға демалыс паркін салу, көшелерге асфальт, жаяу жүргіншілер жолын төсеу сынды жоспарлар бар.
 
Бұған қоса ауылда жас мамандарға арналып тұрғын үйлер салынып жатыр. Спорт кешенін тұрғызу да жоспарға енгізілді. Мемлекеттік бағдарламалардың қолдауына сүйеніп, кәсіпкерлікпен айналысқысы келетіндердің қатары көбейген. Ауылдағы тірлік жандана түсті.
 
Ләззат Құрақбаева, ауыл тұрғыны:
Ауылымыз бұрын өзіміз армандағандай өзгерді. Ең бірінші жол мәселесі. Облыс орталығынан 90 шақырымдай жерде тұрамыз. Қазір қатынас жақсы. 1 сағатта барып келеміз. 
 
Алда атқарылар шаруа да жоқ емес. Олардың бір парасы жастар тәрбиесіне қатысты.
 
Ақтұрлан Ерманов, Махамбет аудандық мәслихатының депутаты:
Мысалы, ауыл жастарының спорт мәселесі, үйірмелер мен оларға мамандардың жетіспеушілігі сияқты мәселелер бар. Сол мәселе шешімін табады деп ойлаймыз.
 
Тұрғындар ауылдағы мұндай өзекті мәселелердің бірте-бірте шешілеріне нық сенімді.  Себебі, ауыл әкімін өздері сайлады. Қазір олар  әкімдіктің жұмысына  тікелей араласып, баға бере алады.
 
Әкім елді мекендегі күрмеуі көп мәселелерді жұртшылықпен ақылдаса отырып шешеді. Демек, алтын бесігінің көркеюіне халықтың өзі себепкер.  
 
Батырбек ҚУАНДЫҚҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу