1 наурыз күні АҚШ-та алдын-ала президент сайлауы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

1 наурыз күні АҚШ-та алдын-ала президент сайлауы өтті

06.03.2016
1 наурыз күні АҚШ-та алдын-ала президент сайлауы өтті
Праймериз Алабама, Аляска, Арканзас, Колорадо, Джорджия, Миннесота, Оклахома, Теннесси, Вермонт, Виргиния тәрізді 12 штатта өтіп, миллиондаған адам дауыс берді.

Қорытынды сөздерінде Трамп пен Клинтон өздерімен бәсекеге түскен партияластарына емес, бір-біріне биік мінберден шабуыл жасады.

Дональд Трамп, Республикалық партиядан кандидат:
Біз Американы қайтадан ұлы мемлекетке айналдыруға тиіспіз. Бұл шаруа қолымыздан келеді. Білесіздер ме, мен Клинтонның сөзін тыңдадым. Оның айтқаны мынау: айлық төмен, бәрі жаман, еш нәрсе дұрыс істеліп жатқан жоқ, біз өйтеміз, біз бүйтеміз. Клинтон көптен бері билікте жүр. Егер, осыған дейін түк бітірмесе, келесі төрт жылда ол не тындырады дейсіз. Әрине, жағдайды әрі қарай нашарлатады.

Хиллари Клинтон, Демократиялық партиядан кандидат:
Америкаға қазір сүйіспеншілік пен мейірім көбірек керек. Кейбіреулер мигранттарды кіргізбеу үшін қорған тұрғызайық дейді. Ал, біз сол қорғанды бұзып, мүмкіндіктерге апаратын баспалдақ салайық дейміз. Әрине, сайлауда ұмтылсаң, көп нәрсе жоғалтуың мүмкін. Бірақ, қарсы жақтың деңгейінің мұнша түскенін бұрын көрмеппіз. Американы олар мен біз деп бөлуі жақсылықтың нышаны емес. Бұндай алауыздыққа ешқашан жол бермеспіз.

Бұл алдын-ала сайлауды америкалықтар – «Супер сейсенбі» деп те атайды. Онда басым түскен кандидаттар жазда өтетін партиялық съездерде негізгі үміткер ретінде таңдалуы мүмкін. Ал, Республикалық партиядағы бірнеше ықпалды саясаткер бірер күн бұрын мәлімдеме жасап, халықты Трампқа дауыс бермеуге шақырды. Өйткені, Трамптың партияластарының пікірінше, миллиардер кандидат болған күннің өзінде қарашаның 8-де Клинтоннан жеңіліп, ең жоғарғы мемлекеттік посты тағы да демократтар иеленуі мүмкін.

Арыстан РЫСБЕК

Хабарламаларға жазылу