Аграрлық салада атқарылып жатқан жұмыстар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Аграрлық салада атқарылып жатқан жұмыстар

14.02.2016
Аграрлық салада атқарылып жатқан жұмыстар
Ауыл шаруашылығына берілетін несие жүйесін жеңілдету және салаға инвестиция тарту жұмыстары қарқын алып келеді.

Жаһанды жайлаған дағдарыс кезеңінде елдің тығырықтан шығуына бірден-бір ықпал ететін сала – ауыл шаруашылығы. Былтыр ел экономикасындағы аздаған өсім дәл осы салада тіркелді. Оның негізгі себебі мынада, мемлекет агросекторға жан-жақты әрі жүйелі көмек беріп, үнемі назарда ұстап отыр.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев жариялаған «100 нақты қадам» - Ұлт жоспарында ауыл шаруашылығы өнімін өңдеу, салаға инвестор тарту мәселесі ұмыт қалмаған. 60-шы және 61-ші қадамда негізгі міндет – алдағы үш жыл ТМД елдерінің нарығына шығарылатын экспортты арттырып, ауылдық жерлерде кооперативтік өндірісті дамыту тапсырмасы тұр.

Мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығы саласына миллондаған қаражат бөлінеді. Бұл қаражат «Аграрлық кредиттік корпорациясының» құрылтайшылары арқылы ауыл шаруашылығымен айналысуға ниетті азаматтарға беріледі.

2001-2015 жылдар аралығында осы серіктестік арқылы 160 миллиард теңге несие үлестірілген. Ертерек алғандар жұмысын да тұрмысын да түзеп үлгерді. Агро саладағы жеңілдетілген несиелер кімге беріледі, қандай шартпен беріледі?

Ауыл жұрты қорадағы малымен күн көреді. Жыл он екі ай күтіп-баптап, қыс соғымға сойды, артылғанын сатып баласын оқытты, көлігін алды.

Қорасын кеңейтіп, мал санын арттырғысы келетін, егін егіп, өнімін сатқысы келетін, осылайша пайдаға батқысы келетіндер көп қазір. Әр ауылда бар. Қолына айырын алып, малын жайлап жүрген азамат - Қанат Теміров. Осыдан 3 жыл бұрын 10 шақты ірі қарасы ғана болған.

Қанат Теміров, «Арыстан» шаруа қожалығының басшысы:
2012 жылдың көктемінен бастап несие ала бастадық. Сол негізгі несиені мал шаруашылығына алдық. Биылдан бастап техника алуға жұмсадық. Мал шаруашылығы қосалқы ретінде жүріп жатыр.

Малды алып, бордақылап, оны сатып ақшаны егін шаруашылығына жұмсадық. Қазір жылқының саны елуден асты. Ірі қара малдың саны жүздің үстінде. Қойлар бар.


Ауыл тұрғыны «Аграрлық несиелік серіктестігінен» 4 жыл ішінде 80 миллион теңге несие алған. Бәрін бірден емес әрине, бірін алып, оны жауып, келесісін алған. Тиімді тұстары көп. Әсіресе, ауыл халқына ауыр тиетін кепіл зат көлемі де көңілге қонымды, қалтаға салмақ салмайды.

Қанат Теміров, «Арыстан» шаруа қожалығының басшысы:

Істеймін дейтін адамға көмегі өте зор. Ауылдық жерде ақша табу қиын. Қалада мысалы, үйіңді саласың, несие алу жеңілдеу. Ауылды жерде ешқандай мүмкіндік жоқ.

Біз талай банктерге бардық, ешқандай банк несие берген жоқ, тек осы «Аграрлық несиелік серіктестігіне» кірердің алдында жекеменшік шағыннесиелік ұйымнан алып отырдық. 48 пайызбен де алдық.

«Аграрлық кредиттік корпорация» еліміздің 13 облысы, 163 ауданында жұмыс істеп жатыр. 2001-2015 жылдар аралығында 171 несие серіктестігін құрған. Қазіргі күні ауыл шаруашылығы тауарын өндіретін 12 мың өндірушінің басын қосып отыр.

2001 жылдан бері есептегенде, 160 миллиард теңге несие берілген. Осының арқасында 120 мың жұмыс орны ашылды. Пайызы төмен, мемлекеттен бөлінетін субсидиясы бар және кепілзатқа қоятын талаптары жеңіл. Несие серіктестігінің банктен айырмасы көп.

Сағадат Әшебеков, «Целинаградское» несие серіктестігі» ЖШС төрағасы:

Мысалға айтайық, банкке келдіңіз, бүгін 10 миллион алдыңыз, бір айдан кейін ай сайын сол қарызды ақырын өтеп отыру керек. Бізде ондай жоқ. Неге? Өйткені егінді бүгін салсақ, біз күзде ғана жинап аламыз егінді.

Сол екі орталықта еш пайда жоқ. Ол немен қайтара алады. Ол қайтара алады, егін алып, егінін сатқаннан кейін қараша, желтоқсан айларында. Егінді жинап алу керек, оның бағасы тұрақты болуы керек.

Сонда ғана сіз пайда табасыз. Ал енді банктер секілді бүгін беріп, ертең бер деп отырғамыз жоқ. Біздің айырмашылығымыз сол.


«Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» бағдарламаларына берілетін несиені де осы серіктестіктер жүзеге асырып отыр. Бір тиімділігі құжат рәсімдеу үшін облыс орталығына шапқылаудың қажеті жоқ, әр ауданда бөлімшесі бар.

Сағадат Әшебеков, «Целинаградское» несие серіктестігі» ЖШС төрағасы:

Бізге халық келеді, шаруа қожалығы болсын, не болмаса үлкен бір қожалықтар болсын, бізге ақша салады. Мысалға айтайық, сіз келдіңіз, бір миллион ақша салдыңыз.

Сіз менің құрылтайшым боласыз. Біз оны юстиция арқылы тіркеуден өткіземіз. Сіздің сонда неше пайыз үлесіңіз бар, бір миллион салсаңыз, мен сізге 10 миллион несиелік желі (кредитная линия) деген бар, соны ашамын. 9 жылға.


Яғни, сізге қажет соманың 10 пайызын төлеп, серіктестік мүшесі боласыз. Берілген несиенің уақтылы қайтарылуына серіктестік мүдделі. Сондықтан, несие алған шаруаның ары қарайғы жұмысы да тікелей бақылауымызда және қамқорлығымызда болады, дейді сала мамандары.

Сағадат Әшебеков, «Целинаградское» несие серіктестігі» ЖШС төрағасы:
Мал алғанмен көбінің қазір жері жоқ. Жақсы білесіздер, не шабындық жоқ, не жайылым жоқ. Барлық малдың тамағын сатып алады. Сондықтан, біз негізгі желі 10 миллион, содан біз сіздерге ақша беріп отырамыз.

Жем, шөп сатып алуға, трактор, тырнауыш, шалғы сатып алуға. Сонда малға берілген ақша бір-ақ рет беріледі. Ал мынау екінші біздің ақшамен соны әрмен қарай өсіріп, төлін алып, семірту үшін көмек қыламыз.

Халық тарапынан «Сыбаға», «Алтын асық» бағдарламаларына сұраныс көп. Тек мал шаруашылығы емес, ауылда басқа бизнес ашуға да несие қарастырылған.

Назгүл Әшірова, «Жаркент» несие серіктестігі» ЖШС директоры:

«Сыбаға» деген ірі қараға, «Алтын асық» деген қойға, «Құлан» деген жылқыға берілетін бағдарламалар бар. 7 жылға беріледі, 14 пайызбен, екі жыл негізгі қарызына демалыс беріледі. Ал өсімпайызын ай сайын төлеп тұрады.

Ауыл шаруашылығына бағытталған несие 14 пайызбен беріледі. Оның 7 пайызына мемлекет тарапынан субсидия бар. Яғни, шаруаның төлейтіні тек 7 пайыз. Бірақ, алдымен серіктестікке құрылтайшы болу керек.

Назгүл Әшірова, «Жаркент» несие серіктестігі» ЖШС директоры:

Мысалы, ол 200 мың жарғылық қорын құйып кіреді де, қазір 10 есе алады. 200 құйса, 2 миллион алады. Енді оған кепіл қою керек. Біз ауылда демейміз, оны қызыл кірпіштен демейміз, ол жағдайына қарай бағалаймыз.

Осыған дейін кредиттік серіктестіктер қажетті қаржыны республикалық бюджеттен алды. Енді бұл салаға да инвестор тарту мәселесі қаралып жатыр.

Альмира Сағатова, Несие серіктестіктері қауымдастығының төрайымы:

Осыған дейін мемлекеттен бөлінді. Қазіргі дағдарыс жағдайында қаржы табудың қосымша көздерін қарастырып жатырмыз. Инвестор тарту үшін кредиттік серіктестіктердің қызметі туралы Заңға өзгерту енгізу керек.

Кез келген инвестор қаржы құймас бұрын саланың жұмыс жүйесіне мән береді. Қазір осы серіктестіктер жүйесін басқару әдісі бойынша Ұлттық банкпен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Расына көшсек, қазір бұл сала ешкімге түсініксіз, қызықсыз, әрі ешкімнің бақылауында емес.


Расымен де, бұл өз қазанында өзі қайнап жатқан сала. Ұлт жоспарындағы 60, 61- қадам-сүт және ет өнімдері өндірісін дамыту үшін ауылдық жерлерде кооперативтер құрылады. Оны іске асыру үшін «Кооперация туралы» заң да қабылданды.

Жаңа Заң бойынша кооперативтер коммерциялық нысан болады. Олар үшін салық жүйесі жеңілдетілген. Халық бұл саланың жұмысын енді түсініп келеді. Оған дәлел, 3 жыл бұрын жылына 16 миллиард теңге несие берілсе, қазір оның көлемі 26 миллиардқа жеткен.

Биылғы жоспар – 29 миллиард теңгеге несие беру. Негізгі міндет – шаруашылықтардың саны мен сапасын қатар арттыра отырып, ауыл шаруашылығы тауарларының экспорт көлемін көбейту.

Айнұр ОМАР

Хабарламаларға жазылу