Нұрсұлтан Назарбаев Мәжіліс депутаттарының мерзімінен бұрын сайлауына байланысты Жарлық шығарды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Нұрсұлтан Назарбаев Мәжіліс депутаттарының мерзімінен бұрын сайлауына байланысты Жарлық шығарды

24.01.2016
Нұрсұлтан Назарбаев Мәжіліс депутаттарының мерзімінен бұрын сайлауына байланысты Жарлық шығарды
[left][left][justify]Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының мерзімінен бұрын сайлауын тағайындауға байланысты халыққа Үндеу жариялады.

Елбасы қоғамның қызу талқы-таразысына түсіп, көптің қолдауына ие болған бастаманы жан-жақты қараған, талдаған. Депутаттардың үндеуі, барша қауымның қуаттауы – бұл ел қамы, деді Президент.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Менің атыма келіп түскен бұл үндеулерде келтірілген барлық дәлел-дәйектемелер маған түсінікті. Ол елдің қамы. Мынандай қиын-қыстау заманда саяси науқанменен бір жыл шұғылданбай, жұмыс істеуіміз керек.

Депутаттардың ойы да осы еді. Саяси науқанды тездетіп өткізіп, Ұлт жоспарын орындауға кірісу. Өйткені, жаһандық дағдарыс әлем елдерін қыспаққа алды. Оның салқыны ғаламдық нарыққа кіріккен Қазақстан экономикасына да әсер етпей қоймады. Жағдай күн санап шиеленісіп барады. Сондықтан, Қазақ елі кез-келген сын-қатерге дайын болуы тиіс, ел алдында ауқымды міндеттер тұр-деген Президент сайлау өткізу туралы арнайы Жарлық шығарып, елге Үндеу жариялады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Көптеген сарапшылар «қырғи-қабақ» соғыс аяқталғалы әлемдік державалардың арасындағы жағдай дәл бүгінгідей шиеленіскен емес, деген пікірде. Мұндай жағдайда өңірлік шиеленістердің жаңа ошақтары пайда болады. Террорлық қауіп-қатер күшейе түседі. Босқындардың жаңа лектері планетаның өзге аймақтарын жаппай «жаулай» бастайды. Әлемдік сауданың ауқымы тарылып, қор нарықтары құлдырай бастайды. Бұл әрине, өңірлік және ұлттық экономикаларға да әсер етеді.


Қазіргідей қысылтаяң кезде барды бағалап өмір сүру керек. Әлемдік нарықта шикізат бағасы құлдырады. Дағдарыстың дағдарғанын күтіп отырмай, керсінше, экономикадағы қиындықтарды жаңа мүмкіндік ретінде ұтымды пайдаланған жөн. Ол үшін елдегі индустрияландыруды және экономиканың тірегі шағын және орта бизнесті өркендетуді жаңа серпінмен жалғастыру керек.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:


Осындай күрделі жағдайда барлығымыз үшін ең маңыздысы қаржыны қымтап жұмсап, ресурстарды үнемдеп, жұмыс орындарын сақтап қалу керек. Үкімет пен Парламентке мұндай жағдайда бірлесе отырып жұмыс істеген жөн және жедел шараларды жинақылықпен жүзеге асыру қажет. Халқымызға біріге отырып, бүгінгідей күрделі жағдайда елді дүрліктіруге бағытталған кез-келген әрекеттерге заңды түрде төтеп беру керек. Бұл шара әрине, жағдайдың қиындауына кінәлілерді іздеп, оқиғаны саясиландырғысы келетіндерге де қатысты қолданылуы қажет.


Үкімет пен атқарушы билікке артылар жүк ауыр. Олар дағдарысқа қарсы шаралар мен Ұлт жоспарын дер кезінде және сауатты жүзеге асыруға міндетті. Демек, Мәжіліс пен Мәслихат депутаттарының сайлауын бірге өткізу – уақыт талабы.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Президенті:


Мен депутаттардың бастамасын Қазақстан мен қазақстандықтардың тағдырына отаншылдық тұрғыдан қамқорлық танытудың көрінісі деп қабылдаймын. Мәжілістің кезектен тыс сайлауы, оның ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясының да депутаттары бар және өңірлік мәслихаттардың кезекті сайлауы бірге өтуі уақытты да, қаржыны да үнемдейді.


Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев сайлауға қатысты жарлық шығармай тұрып, Ақордада маңызды кездесулер өткізді. Конституция талаптарына сәйкес, Парламент Палаталары төрағаларымен, Премьер-министрмен және Конституциялық Кеңес төрағасымен кеңесті. Осыдан кейін барып қана, Мәжілісті тарату туралы Жарлыққа қол қойды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Барлық қазақстандықтарды және қоғамның барлық топ өкілдерін уақыт талап етіп отырған шешімдерді қолдауға шақырамын. Мен республика халқын еліміздің болашағы үшін сайлау үдерістеріне белсенді түрде қатысып, тағы да бір рет бірлігімізді танытуға үндеймін. Конституцияның кепілі ретінде Орталық сайлау комиссиясы мен барлық құзырлы мемлекеттік орган өкілдеріне алдағы сайлаулардың заңдылығы мен ашықтығын және әділдігін қамтамасыз етуді тапсырамын.


Сайлаудың әділ-әрі ашық өтуіне Бас Прокурор Асхат Дауылбаев, ал, жаһандық дағдарысқа қарсы іс-қимыл жоспарын жасап, жүзеге асыруға Үкімет Басшысы Кәрім Мәсімов тікелей жауапты.

Армангүл ТОҚТАМҰРАТ
[/left]
[/center][center]
[/left][left]
[/justify][/left]

Хабарламаларға жазылу