ОСК Мәжіліс пен мәслихаттардың мерзімінен бұрын сайлауын өткізу тәртібі мен ережелерін жария етті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ОСК Мәжіліс пен мәслихаттардың мерзімінен бұрын сайлауын өткізу тәртібі мен ережелерін жария етті

24.01.2016
ОСК Мәжіліс пен мәслихаттардың мерзімінен бұрын сайлауын өткізу тәртібі мен ережелерін жария етті
Елбасы жарлығынан кейін Орталық сайлау комиссиясы мерзімінен бұрын сайлауды әзірлеу мен өткізу жөніндегі, негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарын бекітті.

Елбасы жарлығына сәйкес 2016 жылғы 20 наурызға Парламент Мәжілісінің кезектен тыс сайлауын және мәслихат депутаттарының кезекті сайлауын тағайындау және тиісті күнтізбелік жоспарды бекіту туралы Қаулыны қабылдады.

Қазақстан Халқы Ассамблеясы сайлайтын Парламент мәжілісі депутаттарын сайлаудыңда күнтізбелік жоспары және аталған сайлау науқандарын ұйымдастыруға қажетті құжат үлгілері бекітілді.

Ендігі міндет сайлауды – ашық, еркін және демократиялық талаптарға сай өткізу керек дейді, Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов.

Бұдан басқа сайлауды ұйымдастыруға және өткізуге жұмсалатын бюджет шығыны 8 миллиард теңгеге жуықтайтыны айтылды. Мәжіліс пен мәслихат сайлауын бірге өткізу нәтижесінде мемлекет 4 миллиард теңгеден астам қаржыны үнемдейді.

Мерзімінен бұрын Парламент Мәжілісін тарату туралы депутаттардың үндеуін Елбасы қолдап арнайы Жарлыққа қол қойғаннан кейін Орталық сайлау комиссиясы Сайлауды ұйымдастыру және өткізу жұмыстары бойынша қажетті қаулыларды қабылдап іске кірісті.

Бақыт Мелдешев, ҚР ОСК Хатшысы:

Орталық сайлау комиссиясы Сайлаудың дайындығы туралы күнтізбелік жоспарын, 2016 жылдың 20-наурызында Мәжіліс және мәслихат депутаттарын, ал 21-наурызда Қазақстан Халқы Ассамблеясы сайлайтын депутаттарды сайлау туралы құжатты бекітті.

Белгіленген тәртіп бойынша Сайлауды өткізу үш негізгі кезеңнен тұрады. Оның біріншісі – ұсыну. Партиялық тізім бойынша депутаттыққа кандидаттарды ұсыну 20-шы қаңтар мен 8-ші ақпан аралығында өтеді. ҚХА атынан кандидаттарды ұсыну 20-шы ақпан мен 29 ақпан аралығында. Ал, мәслихат депутаттығына кандидаттарды ұсыну 20 қаңтар мен 19 ақпан аралығы.

Екінші кезең – тіркеу. Партиялық тізім бойынша депутаттыққа кандидаттарды 19-ақпанға дейін тіркеу міндеттеледі. ҚХА сайлайтын кандидаттарды тіркеу 29 ақпан – 5 наурыз аралығында. Мәслихат депутаттығына кандидаттарды 23-ақпанға дейін тіркеуге болады.

Үшінші кезең - сайлауалды үгіт-насихат. Партиялық тізім бойынша депутаттыққа кандидаттар өздеріне үгіт-насихат жұмыстарын 20 ақпан – 18 наурыз аралығында өткізе алады. ҚХА ұсынған кандидаттар 6-19 наурыз, ал мәслихаттыққа кандидаттар 24 ақпан-18 наурыз аралығында үгіт жұмыстарын жүргізе алады.

Қуандық Тұрғанқұлов, ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы:

Біздің комиссияның алдында тұрған басты міндет - сайлаудың ашық, еркін және демократия талаптарына сай өтуі. Сондай-ақ, оны республика Конститутциясына, Ұлттық сайлау заңнамасына әрі халықаралық міндеттемелерге сәйкес қамтамасыз ету.

Енді сайлауды өткізуге жұмсалатын қаржы туралы. Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарын сайлау үшін бюджеттен – 7 миллиард 985 миллион теңге қаржы бөлінеді.

Егер Мәжіліс пен мәслихат сайлауын бөлек өткізсе кететін шығын 12 миллиард теңгеден асады. Оларды бірге өткізу нәтижесінде 5 миллиард теңгеге жуық қаржы үнемделді. Бұдан басқа сайлауға түсетін әрбір үміткердің төлейтін жарнасы бекіді.

Владимир Фоос, ҚР Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары:

Заңға сәйкес, саяси партиялар Парламент Мәжілісіне ұсынған әрбір партиялық тізімдегі тұлғаға ең төменгі 15 жалақы көлемінде жарна төлеуі тиіс. Ол шамамен 342 мың 885 теңге. Ал, мәслиxат депутаттығына үміткердің сайлау жарнасы ең төменгі 5 жалақы көлемінде. Бұл 114 мың 295 теңге.

Парламент Мәжілісіне партиялық тізіммен - 98 орын, ал ҚХА атынан сайланатындарға – 9 орын беріледі. Сонымен, Мәжілістегі барлық орын – 107. Бұдан басқа облыстық мәслихаттан - 550, қалалық мәслихаттан – 625 және аудандық мәслихаттан 2160 орынға депутаттар сайланады. Мәжіліс пен мәслихат сайлауын қатар өткізгендіктен сайлаушылар үш және екі бюллетень толтырады.

Ләззат Сүлеймен, ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі:

Сайлауға келген әрбір сайлаушының қолына үш бюллетень беріледі. Біріншісі - саяси партияларға дауыс беру үшін. Екіншісі - облыстық мәслихаттарға дауыс беру үшін. Үшіншісі - аудындық немесе қалалық мәслихаттарға дауыс беру үшін. Әр бюллетень бойынша әртүрлі кандидаттар болады. Әрқайсысына жеке-жеке хаттамалар толтырылады. Астана, Алматы қалаларында аудандық мәслихат болмағандықтан, бұл қаладағылар екі бюлетен толтырады. Саяси партиялар үшін Астана және Алматы қалалық мәслихатының депутаттарын сайлау үшін.

Сайлауалды науқан кезінде саяси партиялар арасында пікірсайыс өткізу жоспарда бар. Партиялар арасында дебат өткізуге бюджеттен қаржы қаралған.

Бұдан басқа Орталық сайлау комиссиясы шетелдік байқаушылар және шетелдік ақпарат құралдары өкілдерінің қызметі туралы арнайы қаулы қабылдады. Оған сәйкес, еліміздің Сыртқы істер министрлігінің аккредитациясынан өткен шетелдік байқаушыларды Орталық сайлау комиссиясы тіркей алады. Егер олар қасына аудармашы ертіп келетін болса немесе осы жерден алатын болса, олардан жеке басын куәландыратын құжат талап етіледі.

Шетелдік ақпарат құралдарының өкілдері де Сыртқы істер министрлігінің Қазақстан аумағында жұмыс істеуге рұқсат беретін құжатын алуға міндеттеледі.

Жалпы шетелдік байқаушыларды еліміздің тек екі лауазымды тұлғасы ғана шақыра алады. Олар: Орталық сайлау комиссиясының төрағасы мен Сыртқы істер министрі. Бүгінге дейін 18 елдің байқаушыларына шақыру жіберілген.

Татьяна Охлопкова, ҚР ОСК мүшесі:

Біз барлық ТМД елдеріне және Үндістан, Латвия, Литва және Малайзияға шақырту жібердік. Өйткені олардың біразымен бізде Ынтымақтастық және әріптестік туралы келісім бар. Бұдан басқа біз мүшелік ететін халықаралық ұйымдардың да өкілдерін шақырамыз.

Шетелдік байқаушыларды шақыруға және олардың шығынын көтеруге ел қазынасынан қаржы бөлінбейді. Бұл заңда нақты жазылған. Жалпы саяси доданы өткізуге еліміздің Орталық сайлау комиссиясы толығымен дайын.

Ғабит ҰЗАҚБАЙ

Хабарламаларға жазылу