«Ағылшыннан киім киген,
Франсуздан погон ілген,
Жапондардан темекі алып,
Омскіні билеп жүрген». Кезінде осындай кекесін өлең болған. Ресейдің патшалық жүйесінің соңғы үміті Колчак адмиралды жұрт осылайша мысқылдаған екен. Айтпағымыз, адмирал емес өз келбетіміз. Егер біздің азаматтардың бой-басына зер салсаңыз бір-бір «Колчакті» көруге болады.
Біздің киім қытай, қырғыз, түрік, италия, француз елдерінен. Статистика деген бедірей біздің елдің жылына 2,2 миллиард АҚШ долларын киім импортына жұмсайтынын айтып отыр.
Ал, ол киімнің шикізаты мақта, жүн мен тері, тіпті оларды өңдейтін кәсіпорындар да өзімізде бар. Бірақ, жүйе жоқ, бақылау, қолдау тіпті жарнамалау да кемшін екен. Болмағасын бұл іске Мемлекет басшысының өзі араласты.
Әлемдік сауда-саттықта «бренд» деген ұғым бар. Бір салада атағы шығып, беделі әбден бекіген фирма өз өнімдерін кедергісіз сатады, жылдам өткізеді. Брендке құмар бұқара өзгенің тіккен киімін, жасаған затын, шығарған өнімін көп елей бермейді. Қазақстанның әр аймағында кішігірім зауыт-фабрикалар жоқ емес, бірақ атақтары шықпаған.
Президент бастады. Әкім қостады. Оңтүстіктегі әкім «Голден Номад» фабрикасына барды. Барды да, өзіне 25 мың теңгеге костюм-шалбар сатып алды. Келесі қадамды өзге өңір басшыларынан күтіп едік. Болмады. Қайдан болсын? Өйткені, отандық жеңіл өнеркәсіп етек-жеңін енді-енді жиып келеді.
Ерсағын Қуандықұлы, ҚР Инвестициялар және даму министрлігі, департамент директоры:
1534 мекеменің қазіргі таңда жұмыс істеп жатқаны бар, істемей жатқаны да бар. Жалпы тіркелгені. Олардың ішінде бетке ұстарымыз 20 ірі компания бар. Ал 35-і орта деңгейдегі. 1534 деген үлкен сан, әрине. Бірақ, оның қазіргі таңда саны бар, сапасы жоқ болып тұр емес пе?
Біздегі жағдай «қойшының қызы қой келгенде іс қылардың» кері. Киім-кешек нарығы тек импортқа тәуелді. Елдегі бас көтеріп жұмыс істеп жатқан 20 шақтысын қазір қолдамасақ, ертең мүлде кеш болады. Дүниежүзілік сауда ұйымына толыққанды кіргенде бұл жиырмалығыңыз жұтылады да кетеді. Кеш болады деуіміздің себебі осы.
Айнұр Омар, тілші:
Біз бұрын жер-жердегі комбинаттарымызбен мақтана алатынбыз, Жезқазғанда, Өскемен, Алматы, Шымкент еліміздің қай жерінде болсын дүркіреген фабрика-комбинаттар істеп тұрды. Одақ тарады, одан соң бұлардың да қиюы қашты. Көбі жабылып тынды.
Киімді айтпайық, ине мен түймені де шеттен алатын халдеміз қазір. Соңғы кезде ғана осы қиқымдалып жатқан жеңіл өнеркәсіпке қайта жан біте бастады.
Алматының АХБК-сы, Жезқазғанның тоқыма фабрикасы, Өскеменнің «КШТ»-сы ішкі сұраныс тұрмақ экспортқа бұйым шығарды кезінде. Қазір қаңырап тұр. Жекеге өткендерінің жетістіріп жатқаны тағы белгілі. Қара жұмысшылар мен дәрігерлерге керек киім тігумен ғана шектеледі. Оның өзіне керекті шикізат шеттен келеді. Яғни, мақта өсірсек те, мата шығара алмаймыз.
Ерсағын Қуандықұлы, ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің департамент директоры:
Матаны алған кезе шетелден оның тарифі 15 пайыз, ал, Қытайдан, Түркиядан дайын көйлек сатып алу тарифі 5-пайызға дейін ғана. Айырмашылық 10 пайыз.
Осыған байланысты шетелден жеткізілген матаның құны дайын көйлек әкелгенге қарағанда өте жоғары болып кетуі мүмкін.
Матаның шығыны көп, әкелген соң кесіп-пішу, тігу сосын дайын өнімді сату оңай шаруа емес. Ал, дайын өнімнің жұмысы аз. Әкелдің-саттың. Ақыры «базары жақын байымас» болдық та қалдық. Шеттен келетін дайын өнім отандық өндірістің қадамын аштырмады. 2014 жылы бұл салаға мемлекет тарапынан 38 миллиард, биыл 94 миллиард теңге бөлінген. Бірақ, нәтижесі шамалы болып тұр.
Әсет Исекешев, ҚР Инвестициялар және даму министрі:
Бизнес жарнамасын көбірек жасауы керек. Барлығымызға отандық өнімді тұтынуға тырысу қажет.
Жарнамаға мұқтаж емес «Гласман» «КазЛетПром ЛТД», «Мимиорики» сияқты брендтер бар. Бірақ, халық олардың өнімі қайда сатылатынынан бейхабар. Отандық өнім шығарып жатырсың-ау деп ешкім сауда орнын тегін бермейді. Өндірушілерді қинайтын осы.
Динара Абдуллина, дизайнер:
Астанада мекеме жалдау өте қымбат. Екіншіден еңбек ресустары бар. Кәсіби тігінші айына 100 мың теңгеден жоғары алады.
Мына деректі қараңыз. Түркияның өнімі шеттелге шықса, оның сауда орнына кететін шығынның 80 пайызын мемлекет төлейді. Ал, түріктің өнімі өз елінде сатылса, 60 пайызы мемлекет мойнында. Әрі бұл елде талай жылдан қалыптасқан өндірістік мектеп бар.
Керегіңнің бәрін тігеді. Сапасы ақсағанымен, саны мен бағасы жағынан озып тұр. Міне біздің нарық осы түрік пен Қытайдың шүберегіне тәуелді. Қырғыздан да қалып қойдық. Олар Дүниежүзілік сауда ұйымына осыдан 17 жыл бұрын кірген. Қазір өзін де, өзгені де киіндіріп отыр.
Бізде де мақтана алатын, экспортқа шығаратын жақсы киімдер мен бұйымдар жоқ емес. Бүгінде Қазақстанның жеңіл өнеркәсібі 25 миллион шаршы метр мақта-мата өнімдерін, 150 мың тонна кілем және кілем өнімдерін, 10 мың дана әртүрлі свитер, кардиган, кеудеше, жилеттер, сондай-ақ, 500 мыңнан астам дана ерлер мен әйелдер киімдерін, аяқ-киім және басқа да түрлі бұйымдарды өндіреді.
Бірақ, жұрт бұдан бейхабар. Білмейді. Білмеген соң сұраныс болмайды. Сұраныс болмаған соң, өтпейді. Өтпеген соң өзіндік шығынын ақтамайды. Сосын барып Үкімет өлтірмес, деп алақан жайып отырады.
Соңғы кездері жақсы үрдіс қалыптасып келеді. Сәнді әрі, қайталанбас киім кигісі келетін қыз-келіншектер өздері тіге бастада. Бірақ, оларға қажетті өнім түгел шеттен келеді. Сапасына сай сұраныс та жоғары.
Светлана Дешевенко, сатушы:
Біздің дүкен Индонезия, Түркия, Корея, Жапониядан маталар әкеледі. Сапалары тамаша. Астананың қыз-келіншектерінің талғамы жоғары. Бірінің киімін бірі қайталағысы келмейтін бикештер өздері ерекше қылып тігіп алады. Қазір тігіншіліктің курсына барып жүрген клиенттеріміз де көп.
Несі бар, бұл да жақсы. Мата бағасы дайын киімнен қарағанда арзан, әрі қолыңнан іс келсе импортқа иек артудың қажеті қанша?
Гүлзат Ноғайбаева, тігінші:
Мына көйлекті мен досымның тойына бару үшін тіктім. Қазір қыздар тойға бару үшін дүкенге барады, ол 40-30 мың теңге тұрады. Мынаның материалына, тастарына 10 мың кетті. Мен дүкенге барғанда олардың сапасы нашар болады, кейбірінің тігісі дұрыс болмайды, кейбір жерінде астары дұрыс емес.
Киімге қараймын, бағасын санаймын дейді Гүлзат. Сапа бағаға сай емес. Алыпсатарлар сауда орнын жалға алу қымбат деп ақталады. Сол үшін тауар да қымбат. Әрі қалағаныңды табу оңай емес. Гүлзаттың бірнеше киімін өлшеп те көрдік. Еңбегін санамағанда, матаға ең көп дегенде 15 мың теңге кетеді. Ол болашақта тігін өндірісін қолға алғысы келеді.
Гүлзат Ноғайбаева, тігінші:
Көбісі ойлайды, енді тігіп жатқан қыздар, «Мен 1-2 курсқа бардым, оқыдым, өзімнің жеке кәсібімді ашамын», деп. Қазір өндірістік машиналар 120 мың тұрады, мынаның өзі 55-60 мың, мына үтік 45-50 мың. Сонда жалпы жиыны қанша кетеді? Әрі бұл бір адамның ғана жұмыс орны.
Тігін – қымбат бизнес. Белді бекем буып, іс бастауға көп қаржы қажет. Бір адамның жұмыс орнын жабдықтау үшін кем дегенде 300 мың теңге шығындайсың. Сосын жалға алатын ғимаратың, пайдаланған тоғың деп кете береді.
Ал тізіліп тұрған мына машиналар Астана шетіндегі «Ютария» деген фабриканікі. Әлі ресми түрде ашылған жоқ, бірақ жұмыс жүріп жатыр. Әзірге арнайы киімдер мен мектеп формаларын тігеді. Үлгіге іліп қойған 10 шақты киімі бар. Шикізатты шеттен тасып отыр.
Айгерім Мұстафаева, дизайнер:
Матаны Алматыдан алуға болады. Жалпы, Бішкектен және Түркиядан тапсырыс береміз. Тоқыма бұйымдарын да Түркиядан аламыз көбінесе. Біз енді дамып келе жатырмыз, бірақ қолымыздан келгенін істейміз. Бағасы жағынан да, дизайны жағынан да жоғары өнім болады деп үміттенеміз.
Айнұр Омар, тілші:
Жібі түріктікі болғанымен, дизайны өзіміздікі, өзімізде тігіліп жатыр, отандық өнім. Жылы кардиган, болашақта қыз-келіншектеріміздің үстінен осындай киім көрсеңіз, Қазақстанда жасалған деп мақтанышпен киіп жүресіз.
Көлеңкеге қарап көйлек пішуден аулақпыз. Алайда, салаға қатысты бір ақиқаттың бары анық. Ол жарнаманың жетпейтіндігі. Яғни, жарнамасы жер жарып, өзімізде тігілген киік-кешек жарқырап тұрса, оны ешкім сатып алмайды, дегенге сену қиын.
Айнұр ОМАР