Оқушылар парталарына отырса, жаз бойы ауылда болған студенттер қалаға ағылып жатыр. Сабақ басталды. Алайда... Алайдасы сол, ауылдан қалаға жету мұңға айналды. Тек студенттер емес-ау, Астана мен Алматы секілді алып шаһарларға шаруалары түскен, сырқат қысып жолдама алған, өзге де қауырт тірлігі көп ағайын пойызға отыра қояйын десе, билет жоқ.
Бір ай бұрын, екі ай бұрын кассаларды торығанмен пайда жоқ, кассирлер безеріп «билет жоқ» деуден танбайды. Әрине, қалтасы қалыңдар күншілік жерлерге көзді ашып-жұмғанша құстай ұшып жетеді ұшақпен. Ал қараша жұрт қалта жұқа болған соң, пойызбен қатынауға мәжбүр. Бірақ амал қайсы, билет жоқ. Сөйтіп, ұлардай шулап, жұрт баратын жерінен қалып қояды.
Жұрттың жүйкесі жұқарғанмен, жаба тоқыған темір жол басшылары мәселені шеше алмай отыр. Неліктен жазда және мереке күндері билет болмай қалады? Әдейі ме, билет бизнесінің тасасында кімдер тұр?
Әсем Изатқызы, тілші:
Теміржол вокзалына тәулігіне мыңдаған адам келіп-кетеді. Таң, түс, кеш болсын, ығы-жығы адам. Бәрі бір жаққа асығып барады. Біреулері ата-анасын, туысын, бауырларын тағатсыздана күтіп тұрады.
Қала тұрғыны:
Балама келе жатырмын. Балаларымды сағынған соң, көрейін деп келе жатқаным ғой. Немерелерім бар, балаларым бар осында.
Әсем Изатқызы, тілші:
Ал, кейбіреулері керісінше, шығарып салып, жақын жанын қимай тұрады.
Қала тұрғыны:
Балаларымыз алысқа кетіп бара жатыр. Қимасақ та кетіп бара жатыр енді, жолдары болсын!
Әсем Изатқызы, тілші:
Барыс-келіс дәл осы кезде, күзде көбейеді, билеттер табылмайды. Ал алыпсатарлардың алақаны қышып, саудасы қызады.
Алыпсатар. Алады да сатады. Нені? Билетті. Бірақ, өз бағасына емес, екі-үш есе қымбат. Астана. Теміржол вокзалы. Бір қараған жанға тынысы тыныш тәрізді. Темірдей тәртіп бар дерсіз.
Таңғы 10:00-дар шамасы. Ерлі-зайыпты мына кісілер Қызылордаға билет таппай тұр. Ал, анау отырған Шырын апай Шуға жете алмай шу шығарып жүр. Айнұр анасымен Алматыға аттанбақ. Бірақ, билеті жоқ.
Айнұр, қала тұрғыны:
Мұнда билет табылмайды. Мүлдем табылмайды. Өйткені, жаздай келемін мен. Мына жерде бір күн кезекте тұрасың, билеттер жаз айында 25 мыңға дейін барады.
Ерлан да жолдан қалып тұр.
Ерлан, қала тұрғыны:
Дәл қазір мен Шымкентке барайын деп тұрмын. Билет алайын десем, билет жоқ. Енді күтеміз.
Алыпсатарларды аңдыдық, тауып аламыз ба деген ниетпен. Бірақ, қарасын көрсетпеді. Мүмкін камерамен жүргенімізді байқаған соң сыр білдірмеді. Тек таксистер алаяқтардың тіршілігін тәптіштеп түсіндіріп берді.
Кешкі сегіз. Келіскеніміздей теміржолды торып, біз қайта келдік. Әлгі Шәбден дейтін шымкенттік шопырды тағы тауып алдық.
Жолы болар жігіттің жолсерік шығар алдынан. Алыпсатарды таппасаң да, жолдан қалмайды екенсің. Теміржол болған соң, келіп-кетуші көп, қылмыс та аз емес. Биыл былтырдан артық.
Өткен жылы әкімшілік жауапкершілікке тартылғандар саны 2000-нан асса, осы жылы небәрі сегіз айдың ішінде 3361-ке жеткен.
Арасында қылмыстың ауыры да бар, жеңіл-желпілері де. Пойыз билеттерін алып сатқандар да кездеседі.
Дәулет Әбдікәрімов, Астана станциясындағы ІІЖ Басқарма басшысының орынбасары:
Жыл басынан бері алыпсатарларға қатысты екі факт тіркелді. Алаяқтарды тіркеуге алып қойдық. Айыппұл салынып, әкімшілік жауапқа тартылды. Қазір операторымыз кез-келген құқық бұзушылықты көрсе, радиобайланыс арқылы кезекші бөлімге хабарлайды. Теміржолдағы тәртіп біздің жіті қадағалауымызда.
Жазда жүріп-тұру жиілейді. Соған сай билеттер жетпейді. «Жолаушылар тасымалы» қызметі тығырықтан шығудың жолын іздеп, тапқан тәрізді.
Айгүл Әбутәліпова, «Жолаушылар тасымалы» АҚ атқарушы директоры:
Біз қосымша вагондар шығарамыз. Яғни, қай жерлерге, қай бағытқа жолаушылардан сұраныс көп болса, вагондар жетпей жатса, дереу мәселені шешеміз.
Жолаушылар ақша төлеген соң, діттеген жеріне демікпей жетсек дейді. Бірақ, аптап күндерде ауа баптағыштың жоқтығы, жүйке тоздырады. Теміржолға тиесілі тағы бір мәселе - тазалық.
Жаңартылмаған вагондар жетеді. Солардың сапасы сын көтермей тұрғаны. Бірақ, бұл түйткілдің де түйіні тарқайды. Өзімізде шығатын, Астана іргесінде құрастырылатын «Тұлпар-Тальго» вагондарымен ауыстырылады.
Айгүл Әбутәліпова, «Жолаушылар тасымалы» АҚ атқарушы директоры:
Қазірде күн тәртібінде тұрған маңызды мәселе ол - ескі вагондар. Заманға сай емес қой олар, әбден көнерген. Теміржол қызметін жетілдіру бағдарламасы бойынша біз бүкіл вагондарды 2020 жылға дейін жаңартамыз.
Айтпақшы, EXPO-2017 көрмесінде қонақтарға қызмет ететін - осы тұлпарлар. Оған 19-30 жас аралығындағы жастар ғана жолсерік бола алады. Сосын қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде еркін сөйлеуі керек.
Әубәкір Смайылов, «Жолаушылар тасымалы» АҚ бөлім басшысы:
Осы сәуір айынан бастап, Алматыда және Астанада екі оқу орталығында шетелдерден арнайы жаттықтырушы мамандарды шақырып, біз оларды арнайы 7 бағыт бойынша оқытып жатырмыз.
Айта кетейін, былтыр теміржол көлігі арқылы 20 миллион аса жолаушы тасымалданған. Барлығы 155 бағыт бойынша. Ішкі қатынастан бөлек, халықаралық бағыттар да бар.
Жүйе жаңарып, қызметтің сапасы өзгерсе, баға өседі. Бұл заңды құбылыс. Бірақ, бізде сапа таз қалпы, ал билет бағалары біршама көтерілді. Бір қуантарлығы, билетті 45 күн бұрын сатып алсаңыз, 35 пайыз жеңілдік беріледі. Сосын...
Әубәкір Смайылов, «Жолаушылар тасымалы» АҚ бөлім басшысы:
Қазір, «Құрмет», «Жастар» және «Саяхатшы» деген үш дисконтты карта шығардық. «Құрметте» 30 пайыз, «Жастарда» 30 пайыз, ал, «Саяхатшы» белгілі мөлшерде саяхатқа шығатын болса, 100-200 мың теңгеге билет алса, 10-20 пайыз жеңілдік бар.
Теміржол – өмір, ел экономикасының күретамыры. Қазір елде 15 мың шақырымға жуық теміржол бар. Тасымалда толас болмауға тиіс. Кемшілік келешекте түзелсе көрім. Біз көзбен көргенімізді айттық. Ал, кетерімізде Ерлан Шымкентке билет таппай әлі сандалып жүрді.
Әсем ИЗАТҚЫЗЫ