Пойыздардың кешігуі теміржол жағдайымен байланысты – Нұрлан Сауранбаев - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Пойыздардың кешігуі теміржол жағдайымен байланысты – Нұрлан Сауранбаев

21.11.2023

Тот басқан темір жолы, тозған вагон, уақытынан кешігетін пойыз. Бұл мәселелерді қазақстандықтар күнде айтып, әлеуметтік желіде жазып та жатыр. Бірақ бүгін үкімет тап осы мәселеге назар аударып, оң шешімін шығармақ үшін жиын өткізді. Тіпті, Үкімет басшысы елдегі теміржолдардың 60 пайызы тозған деп сынап, нақты тапрсырмалар берді. 

Теміржолдағы негізгі мәселе – вагондардың ескілігі. Тағы бір өзекті проблема пойыз жиі кешігеді. Мұны «Қазақстан темір жолы» басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаев те растап, оң шешімін шығарамыз деп отыр.

 Нұрлан Сауранбаев, «Қазақстан темір жолы» АҚ басқарма төрағасы:

Пойыздардың кешігуі теміржол жағдайымен байланысты. Біз қажет жұмыстарды жүргізіп жатырмыз. Мәселен, 2023 жылы жөндеудің барлық түрінің көлемі 50 пайыз ға ұлғайды.

Көлік министрі Марат Қарабаевтың айтуынша, елде 300 жолаушы вагоны жетіспейді. Жалпы, биыл қаңтар-қазан айларында пойызбен 11 миллион астам жолаушы, қала маңы қатынасында 1,9 миллион аса жолаушы тасымалданған. Өкінішке қарай, вагондлар ғана емес, локомотивтердің де ахуалы мүшкіл. Тең жартысы тозған. Қазір елде 1880 локомотив бар. Соның 52 пайызы ескірген.

Марат Қарабаев, ҚР көлік министрі:

Қажетті локомотивтер санын қамтамасыз ету мен тозу деңгейін төмендету мақсатында биыл 133 локомотив сатып алынды. Локомотивтердің негізгі өндірушілері – отандық Локомотив және Электровоз құрастыру зауыттары.

Қазір Алматы мен Астанаға билет қалған жоқ. Яғни, сатылым 45 күн бұрын ашылады. Сапарды алдын-ала жоспарлағандар өз билеттерін 40-45 күнде сатып алды. Сондықтан Жаңа жылда Алматы мен Астанаға қосымша пойыздар жүреді. Ал Премьер-министр Әлихан Смайылов Қазақстанның теміржол инфрақұрылымы 60 пайызға тозғанын айтты. Сондай-ақ, премьердің айтуынша тұрғындар тарапынан ҚТЖ қызметіне қатысты көптеген шағымдар келіп түсіп жатыр.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:

Пойыздардың үнемі кешігіп келуі, сервистің нашарлығы, ескірген вагондар бұның барлығы қалыпты жағдайға айналып барады. Ал бизнес болса вагондардың уақытында берілмеуін, ұзыннан-ұзақ келісу рәсімдерін айтып, шағымданып жатыр. Осының барлығы бүкіл экономиканың дамуына кері ықпал етеді.

Жалпы, жолаушыларды тасымалдау бойынша қазір 66 облысаралық маршрут жұмыс істеп жатыр. Бұл бағыттарда 13 тасымалдаушы қызмет көрсетеді. Қазір билет бағасының орташа құны – 8 мың теңге.


Оңғар Алпысбайұлы

Хабарламаларға жазылу