Осы жұмада бензин бағасы басты мәселеге айналды. Қымбаттаған - сіз бен біз тұтынатын АИ 92, 93 маркалы бензин. Журналистер алдында есеп берген Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев бұдан былай Үкімет бензин бағасын бақыламайтынын айтты.
Бағаны осы деңгейде ұстап тұрса, қыркүйек өтпей бензин қоры таусылып қалуы мүмкін екен. Жанармай сататындар осы мәлімдемені күтіп отырғандай, жұма күні түс ауа бағаны бірден 108 теңгеден 130 теңгеге көтеріп жіберді.
Үкімет «монополиялық органның бақылауын күшейтеміз», деді. Бірақ, осы күндер аралығында бірді-екілі жанар-жағар май бекеттері бағаны 130-дан түсірген жоқ. АИ 92-ні бес теңгеге арзандатып, 125 теңгеден саудалап жатқандар да бар.
Ал, Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитеті АИ-95 маркалы бензинінің бағасын көтерген мекемелерге хаттама жіберіп, жоғары октанды жанарамайдың құнын өзгерту себептерін түсіндіруді талап етті. Әрі монополияға қарсы заң талаптарын бұзғандар жауапқа тартылатындығын ескертті.
Ақпарат үшін айтайын, қазір елімізде үш ірі мұнай өңдейтін зауыт бар. Оларда АИ -92/93 бензинін өндіру көлемі 2 миллион 100 мың тонна. Ал халық 3 миллион 200 мың тонна жанар-жағармай тұтынады. Яғни, 1 миллион 100 мың тоннаға кем. Оның 75 тоннасын Қытайдан алсақ, қалғанын Ресейден тасимыз.
Мейіржан ӘЛІБЕКҰЛЫ