Нұрсұлтан Назарбаев «Астана Бас жоспары» институтына барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Нұрсұлтан Назарбаев «Астана Бас жоспары» институтына барды

21.06.2015
Нұрсұлтан Назарбаев «Астана Бас жоспары» институтына барды

Астаналықтар осыдан 1-2 ай бұрынғы көлкіген су мен шашыраған шалшықты ұмыта қоймаған шығар. Түнімен төпелеген жауыннан соң, Елорда көшелері көлге айнала жаздап, тұрғындар мен көліктерді көпке дейін әбігерге салып еді.

Коммуналдық қызмет суды құрғатып үлгермей, көлік жүргізушілері көлік нөмірлерін жоғалтып, едәуір сарсаңға салды. Алда-жалда тағы жаңбыр құяр болса, бұл мәселенің қайта көлбең етеріне кепіл жоқ. 

Осы бейсенбіде «Астана Бас жоспары» Ғылыми зерттеу-жобалау  институтына барған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев осы кемшіліктерді Елорда билігінің бетіне басты.

Президент тізеден су кешпес үшін суағарларды көбейтіңдер деді, бір. Екіншіден,  көлік тұрақтары мен мектеп, балабақшаның да аздығын сынап тастады. Әкім Жақсыбеков бұл түйткілге жақсылап мән бермесе,  көлкіген су Астанаға абырой әпермесі анық.

Сондай-ақ, жиында Президентке  Астананың 2030 жылға дейінгі бас жоспарына енгізілген түзетулер мен астаналық агломерация қалыптастыру жобасы жөнінде, сосын Елорданың жаңа көлік жүйесін құру барысы баяндалды.

Елбасына - Орынбор көшесін, жаңа теміржол вокзалы ауданын салу тұжырымдамасы және Нұрлы жол бульварының екінші кезегінің жобасы туралы айтылды. 

Елордада құрылысы жоспарланған тағы бірқатар жобалар таныстырылды.  Бас шаһар көркейе түседі әрі абаттандыру жұмыстары одан әрі жалғаса береді, деді Мемлекеттің басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

EXPO-2017 көрмесі өтеді. Коммуникация, істейтін жұмыс бір болғандықтан, қала басшылығы мұны да бірге басқаратын болды. Бүгінде қала халқының саны 900 мыңға жуықтады. Нақтырақ айтқанда, 870 мың. Бұл - үлкен шаһар болғанын білдіреді. Бұрынғы Ақмола осындай дәрежеге жетеді, деп ешкім ойламады.

Бүгінде Астана еліміздің мәдени, денсаулық сақтау, білім ордасына айналды. Болашақта іске асыратын көп жұмыс бар. Қазақстанда бір адамға шаққандағы инвестицияның ең көп келетін жері - Астана. Қазақстан бір қалаға байыды. Болашақта Астананың елге қосатын байлығы жылдан жылға көбейе беретін болады.

Мейіржан ӘЛІБЕКҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу