Президент сайлауы аяқталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент сайлауы аяқталды

03.05.2015
Президент сайлауы аяқталды

Қырымнан тұтанған от, яки Ресей мен Украина арасындағы қақтығыстар былтырдан бері геосаяси тұрақтылықты бұзып, одан әрі мұнай бағасы құлдырап, экономикалық дағдарыс жаһанның, оның бір бөлшегі біздің елдің де алаңдаушылығын туғызғанын білесіз. Қауіптендік. Уайым қылдық.

Сол уайымды, сол қауіпті, сол көңілдегі алаңды сейілтудің бір ғана жолы болды. Ол келесі жылы кезегі күткен Президент сайлауын мерзімінен бұрын, яғни биыл өткізу болатын.

Сол сайлау арқылы елдің ертеңгі күнге деген сенімін нығайту еді. Ол үшін ақпанның 14-і күні Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңес өткізіп, «Президент сайлауын кезектен тыс, яғни биыл өткізелік», деген ұсынысты ортаға тастады. Бұл Қазақстан қоғамында тұтас қолдау тапты. Қолдау тапқан соң, сайлау уақытын белгіледік. Әне-міне дегенше, ең ірі саяси аламанды да өткізіп тастадық. 

Астана. Бейбітшілік және келісім сарайы. Ақпанның 14-і. Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің кезекті отырысы. Кезекті емес керекті отырыс. Келелі мәселе. Отырыста Ассамблея Төрағасының орынбасары Анатолий Башмаков биыл кезектен тыс Президент сайлауын өткізу жөнінде бастаманы жария етті.

Ұсынысты Кеңес мүшелерінің бірден қолдауына ие болды. Сосын кеңес Парламентке, саяси партияларға, мемлекеттік емес ұйымдарға және бүкіл Қазақстан халқына Үндеу жариялады. Бастаманы кеңес мүшелері әлемде қалыптасып отырған экономикалық дағдарыспен және күрделі халықаралық жағдаймен байланыстырды.

Розақұл Халмурадов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ҚХА мүшесі:

БАҚ-нан жалпы әлемде болып жатқан жағдайлардан біліп көріп жүрміз. Осы болып жатқан әлемдік, экономикалық дағдарыс әлі шегіне жеткен жоқ. Ол дағдарыстың ең қиын сынақтары әлі алдымызда тұр.

Сарапшылардың айтуы бойынша, 2015 жылдың күзіне, 2016 жылға тура келуі мүмкін.  Ал осындай қиын-қыстау уақытта біз елімізде сайлаушыларды Президент сайлауымен айналдырып, Елбасының уақытын сайлауға беріп отырмастан сайлауды биыл өткізу жөніндегі ұсынысты дұрыс, деп ойлаймын.

Себебі, біздің бағдарымыз белгілі. Кешегі «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауында Елбасы алдымызда істейтін жұмыстардың бәрін ашып айтты. Енді соны іске асыратын уақыт келді.    

Араға апта салмай кеңес көтерген бастаманы Парламенттің қос палатасы қарап, мақұлдап, Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа Үндеу жолдады. Онда уақыттың өзі талап етіп отырған бастама барша халықтың қолдауына ие болды.

Қазақстандық қоғамда оң пікір қалыптастырды. Халықаралық шиеленістің артып отырған жағдайында жаһандық экономикада дағдарыс құбылыстары күшейе түскен уақытта ішкі саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету қажет, делінген.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, Парламент Сенаты Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің кезектен тыс Президент сайлауын өткізу туралы бастамасын толығымен қолдайды. Уақыттың өзі талап етіп отырған бастама барша халықтың қызу қолдауына ие болды.

Қазақстандық қоғамда оң пікір қалыптасты. Халықаралық шиеленістің артып отырған жағдайында жаһандық экономикада дағдарыс құбылыстары күшейе түскен уақытта ішкі саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету маңызды.

Аса құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, Сізден Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің  бастамасын қолдап, кезектен тыс Президент сайлауын тағайындау туралы мәселені қарастыруыңызды сұраймыз.

Парламенттен кейін араға алты күн салып, ел Президенті сайлауға қатысты үндеу жариялады. Мемлекет басшысы ел ішінде кезектен тыс Президенттік сайлау  өткізу мәселесінің қызу талқыланып жатқанына тоқталып, өзіне еліміздің түкпір-түкпірінен осы мазмұнда жүздеген хаттардың келіп түсетінін жеткізді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Мәжіліс те, Сенат та қолдап, маған хат жазды. Сенаттың сұрауымен Конституционалдық кеңес  қорытындысын шығарды.

«Нұр Отан» партиясының кезекті 16-съезі. Онда партия көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев кезектен тыс Президенттік сайлауға қатысатынын мәлімдеді. Президент алға қойған мақсатың жоқ болса, сайлауға қатысудың қажеті жоқ екенін айтты. Сол күні Президенттікке кандидат ретінде Нұрсұлтан Назарбаев лингвистикалық комиссияға мемлекеттік тіл бойынша емтихан тапсырды.

Екі күннен кейін Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сайлауалды штабы құрылды. Оған бес партия кірді. Ал, штаб жұмысын басқару Мемлекет басшысының бұрынғы кеңесшісі Мұхтар Құл-Мұхаммедке тапсырылды.

Президенттікке кандидат Нұрсұлтан Назарбаевтың сайлауалды бағдарламасы жарияланды. Ол «Баршаға бірдей осы заманғы мемлекет: 5 институционалдық реформа» деп аталды. Онда Елбасы өзінің 5 тармақтан тұратын жұмыс жоспарын ұсынды. Мұнда Қазақстанның алдында тұрған басты міндеттері көрсетілді.

Елбасы осы 5 реформаны «Баршаға бірдей осы заманғы мемлекет», «Заңның үстемдігі», «Орнықты экономика», «Болашағы біртұтас ұлт» және «Ашық және халыққа есеп беруші мемлекет» деп аталатын тармақтар бойынша жіктеп береді. Және бұларды кезең-кезеңімен іске қосу керек екенін айтты.

23 сәуір күні Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Мәңгілік Ел: бір ел – бір тағдыр» тақырыбында Ассамблея жылына арналған 22-ші сессиясы өтті.

Сессия жұмысының қорытындысы бойынша Қазақстан халқына Үндеу қабылданды. Онда Ассамблея Мемлекет басшысының «Мәңгілік Ел» идеясы, «Нұрлы Жол» бағдарламасын қолдау туралы айтылды.

Сондай-ақ, қазақстандық біртектілікті одан әрі нығайтып, тілдердің үштұғырлылығын дамытып, орта тапқа негізделген «Болашағы біртұтас ұлт» қана табысты мемлекеттің сенімді іргетасы болатыны көрсетілді.

Сайлауға екі күн қалған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Конституция кепілі ретінде жалпыға ортақ сайлау құқығын жүзеге асыру туралы Қазақстан азаматтарына Үндеу жариялады.

Бүкілхалықтық сайлау – біздің Конституциямызда, арнайы заңымызда көрініс тапқан аса маңызды саяси іс-шара. Сайлау арқылы азаматтарымыз, біріншіден, өзінің конституциялық құқығын жүзеге асырады, екіншіден, ел басқару ісіне тікелей араласады. Баршаңызды сайлауға қатысып, дауыс беруге шақырамын делінген Елбасы Үндеуінде.

Өткен жексенбі. Ел тарихындағы елеулі күн. Сайлауға келушілердің қарасы көп. Еңкейген қарттан, естияр жастар түгел дауыс берді. Бұл сайлау халықтың белсенділігі жағынан әлем елдерінің ешқайсысында болмаған саяси шара ретінде тіркелді. Оған елімізге келген 200-ден астам шетелдік тілшілер мен мыңнан астам халықаралық байқаушылардың ой-пікірі дәлел.

Степан Месич, Хорватияның экс-президенті:

Мен осыған дейін де көп сайлауға қатыстым. Өзім де кандидат болғанмын. Біз бүгін бірқатар сайлау учаскелерін аралап шықтық. барлығы заң аясында өтіп жатыр. Халық белсенді қатысуда.

Дауыс беруге құқығы бар қазақстандықтардың 95 пайызы сайлаудан тыс қалмады. Халықтың мұндай белсенділігі бұрын-соңды болмаған. Ел болашағы деген бәрінің тілегі мен ниеті бір.

Сәбит Оразбаев, Халық әртісі:

Таңертең ертерек барсам қарақұрым халық. Тайлы-тұяғына дейін қалмастан кішкентай балаларына дейін алып барып дауыс беріп жатыр.

Асанәлі Әшімов, Халық әртісі:

Мен бүгін бүкіл Қазақстан жұртшылығын қуанышты күнімен құттықтаймын. Күн де жадырап тұр. Көшеде қуанышты ел,  марафон жүріп жатыр.

Нұрлан Оразалин, Жазушылар одағының төрағасы, ақын:

Біздің бала-шағаларымыз, ұрпағымыз, ұлтымыз бүгінгі жеткен жетістіктерін сақтап қалуы үшін дауыс берді, деп ойлаймын.

Марфуға Айтқожина, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын:

Біздің ұрпақтарымыздың болашағына аса үлкен жауапкершілік тұрғыдан мән беретін, солардың тағдырына, еліміздің өміріне аса жаупкершілікпен қарайтын адам үшін дауыс беруге міндеттіміз.

Есмұхан Обаев, драматург-режиссер:

Жастар осы сайлауда өте белсенді. Өйткені, олар өзінің болашағын ойлайтын жастар.

Сайлау өткен күні түнде экзит-пол сайлаудың алдына ала нәтижесін жария етсе, ертеңінде орталық сайлау комиссиясы ресми нәтижені жариялады. Сайлауда халықтың 97,7 пайызы немесе 8 миллион 833 мың 250 азамат дауыстарын Нұрсұлтан Назарбаевқа берген.

Сөйтіп, Елбасы айқын басымдықпен сайлауда кезекті рет жеңіске жетті. Ал, Бас прокуратура болса, сайлау кезінде ешқандай заңбұзушылықтың тіркелмегенін мәлімдеді.

Айбек ҚОБДАБАЙ

Хабарламаларға жазылу