Жеңді түріп, өзгелерге демократиядан дәріс оқуға құштар, біреудің ішкі саясатына араласудан арланбайтын Еуропалық одақ қазір құрлықтарын құрсаулаған қарыз дағдарысынан титықтай бастады. Еуроаймақ елдерінің әлеуметтік-экономикалық ахуалы күн өткен сайын күрделеніп, халықтың тұрмыс-тіршілігі күрт төмендеп барады.
Ұзақ жылдар бойы тұтыну деңгейінің жоғары дәрежесінде өмір сүріп келген Еуропаның қарапайым тұрғындары дағдарыс салдарынан әлеуметтік жағдайларының төмендеуіне байланысты соңғы айларда қарсылықты үдетті.
Аңғарсаңыз, қазір 500 миллионнан астам адамды біріктіретін жаһандағы ең бай экономикалық одақ аумағы біртұтас ереуілдер алаңына айналып бара жатыр. Көп жағдайда бейбіт ниетпен басталған шерулердің соңы тәртіп сақшыларымен қақтығыстарға жалғасып, іс насырға шабуда.
Аузынан ағы үзілмей келген Бельгиядағы ел-жұрт та соңғы күндері қайта-қайта ереуілдетіп жатыр. Талаптары не, үкіметтері неге үнсіз?
Нұрсұлу Қасым, тілші:
Еуропаның өзге елдеріндегідей Бельгияда да қазір күнде жиын, күнде шеру. Ереуілдетіп, бұлқынған сайын экономикалық дағдарыстың қамыты қарапайым халықтың мойнын қажап барады. Шыдамдары әбден таусылған тұрғындар үкіметтің қатаң үнемдеу шараларына қарсы наразылықтарын білдіріп жатыр.
Елдің түкпір-түкпірінен жиналған 50 мыңнан астам адам «Мишель биліктен кет, қатаң үнемдеу шараларына жол жоқ!», деп ұрандатып, Брюссельдің басты көшелерін жапты.
Дені – дәрігерлер, мұғалімдер, әлеуметтік қорғау орталығының мамандары. Мемлекеттік қызметкерлердің жұмысты тастап, ереуілге шығуына премьер-министр Шарль Мишельдің жаңа реформасы себеп.
Үкімет алдағы екі жылда бюджет тапшылығын ретке келтіру үшін шығындарды 5 миллиард еуроға азайтуды көздеп отыр. Үнемдеу шарасы алдымен мемлекеттік қызметкерлердің жалақысын қысқартып, салықты көбейту есебінен жүзеге асырылмақ.
Жан-Марк Лепиед, кәсіподақ ұйымының төрағасы:
Үкімет бізді адам құрлы көрмейді. Қанша рет келіссөз жүргізуге тырысқанымызбен, біздің ұсынысымызды қабылдамай отыр. Үкімет еңбекпен қамту саясатын дұрыс жүргізіп, мемлекеттік қызмет сапасын жақсартып, салық жүйесін әділ етпейінше біз дабыл қағуды тоқтатпаймыз.
Өйткені, қарапайым жұмысшының мардымсыз айлығының 30-50 пайызы салыққа кетеді. Ал, қыруар пайда табатын кәсіпкерлер тек 25 пайыз салық төлейді. Бұл әділетсіздік. Мұнымен күресу керек.
Винсент Жиль, мұғалім:
Тапқан айлығым ештеңеге жетпейді. Жағалай қымбатшылық. Сондықтан, ең арзан деген осы жұмыртқаны сатып алып, қуырып жейміз. Төрт балам бар. Әйеліме үкімет жәрдемақы беруді де тоқтатты.
Үш жыл бойы жұмыссыздық үшін алып келген жәрдемақыны үкімет қаңтар айынан бастап 55 мың адамға беруді тоқтатты. Әлеуметтік көмектен алдымен азаматтық некеде тұратын әйелдер мен әкесіз бала тәрбиелеп отырған аналар қағылды. Сонан соң, оқу орнын бітіргеннен кейін үш жыл ішінде жұмысқа орналаспаған жастарға да бұдан былай бұл жәрдемақы берілмейді.
Брукл Сэдман, Брюссель қаласының тұрғыны:
Осы жазда менің университет бітіргеніме үш жыл болады. Мамандығым – заңгер. Үкімет жаңа жұмыс орындарын ашып, біз жұмыс істемей жатсақ, бір сәрі. Жұмыс жоқ еш жерде. Тәжірибиелі мамандар қысқарып жатқанда, біз сияқты жастарды кім алсын жұмысқа?!
Шарль Мишель, Бельгияның премьер-министрі:
Жастар қара жұмыс істегісі келмейді, бәрі таза, жылы кеңседе отырып, жоғары айлық алғысы келеді. Ондай жағдай жасалмаса, үкіметтен жәрдемақы алып, жата береді.
Енді мұндай жалқаулыққа жол берілмейді. Еуропалық комиссия бізден шығындарды азайтуды талап етіп отыр. Бюджет тапшылығын ретке келтіру үшін біз осы шараны жасауға мәжбүрміз.
Ұлттық банктің есебінше, Бельгияда бюджет тапшылығы биыл 3,2 пайызға жетеді. Экономикада өсім жоқ. Сондықтан, ел үкіметі 2015 жылы шығындарды 1,5 миллиард еуроға, келесі жылы - 3,5 миллиард еуроға азайтпақ.
Осыны қадап айтқан Шарль Мишель жастар құдды мына құрбақалар сынды үкіметке ауыздарын ашып отырады, деп айыптайды. Бірақ, соңғы 3 жылда елде 7 мыңнан астам кәсіпорын жабылғанын ескерсек, жастар сөзінің жаны бар сынды.
Екі қолға бір күрек таппай қиналған бозбала мен бойжеткендер арасында қазір өз-өзіне қол жұмсау оқиғасы көбейді. Ерлі-зайыпты Катрин мен Пьер ұлдары Николастан осы жұмыссыздық, баспана дауының кесірінен айырылғандарын айтады.
5 жыл бұрын үшеуі бірдей жұмыстан қысқарып, ипотеканы төлеуден қалғанда банк пәтерді тартып алған. Осы оқиғадан бір апта өткен соң, «мен шарасызбын, кешіріңдер мені» деп бір тілім хат қалдырып, жалғыз ұлдары да бақилыққа аттаныпты. Сонан бері, мына театрдың маңы қос қарияның құтты мекені.
Пьер Викмайер, Бельгия азаматы:
Ұлымыз тірі болғанда қазір осылай жүрмес едік. Өзегіміз өртенеді. Бірақ, амал жоқ, күн көру керек. Мардымсыз зейнетақы баспана жалдамақ түгілі, күнделікті ыстық тамаққа да жетпейді.
2008 жылдан бүгінге дейін Бельгияда ипотекалық қарызын өтей алмаған 50 мың адам пәтерінен қуылған. Үкімет әлжуаз топты әлеуметтік баспанамен қамтамасыз етпек түгілі, жәрдемақы, зейнетақы төлеуге қауқарсыз қазір.
Бельгияның зейнеткерлерді қолдау қорында бүгінде бар-жоғы 14 миллиард еуро жатыр. Бұл қаражат тек 2018 жылға дейін ғана жетеді. Сондықтан, үкімет зейнетке шығу жасын қазіргі 65-тен 67-ге дейін ұзартуды көздеп отыр.
Анна Пиана, әлеуметтік қызметкер:
Қазір мен 55-темін. 67-жасқа дейін жұмыс істеуге шамам жоқ. Көп ауырамын, денсаулығым жоқ. Оның үстіне, біз орынды жастарға босатып беруіміз керек.
Жасы бар, жасамысы бар үкіметтің ғимаратына тас лақтырып, оны қоршап тұрған полиция қызметкерлерін жұмыртқамен атқылады. Айтпақшы, тәртіпсіздіктің болмауын қадағалауы тиіс тәртіп сақшыларының өзі биылдыққа екі рет үкіметке қарсы шеруге шықты. Соңғы уақытта жиі соққыға жығылатындарын, құқықтары қорғалмағандарын айтты.
Полиция қызметкерлерінен өрт сөндірушілер де қалыспай, апта басында олар да қаланы көк түтінге орап, ереуіл ұйымдастырды. Шеру бейбіт түрде басталып, соңынан тәртіпсіздікке ұласты. Көлік қозғалысының қиындығынан тұрғындар жұмысқа жаяу барды.
Әуежай, вокзал қызметкерлері бойкот жариялап, салдарынан Париж, Амстердам, Люксембургқа қатынайтын пойыздар мен халықаралық әуе рейстерінің 44 пайызы, яғни, 287 рейс кейінге шегерілді.
Бұл текетірестің басы, дейді көпшілік. Үкімет жанайқайға құлақ түрмесе, тұрғындар Пасха мейрамынан кейін, бүкіл Бельгия бойынша жұмысты тоқтатып, жалпыхалықтық ереуіл ұйымдастыруға бел буып отыр.
Нұрсұлу ҚАСЫМ