Президенттікке кандидаттарды ұсыну 15 наурызда аяқталады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президенттікке кандидаттарды ұсыну 15 наурызда аяқталады

01.03.2015
Президенттікке кандидаттарды ұсыну 15 наурызда аяқталады

Мемлекет басшысы Жарлыққа қол қойып, халыққа Үндеу жолдаған күннің ертесіне Есілдің сол жағалауында саяси қарбалас басталып кетті. Орталық сайлау комиссиясы журналистерді жиып, Президент сайлауының ережелерімен таныстырды.

Президенттікке кандидаттарды ұсыну 26 ақпанда басталып, 15 наурызда аяқталады. Одан кейін кандидаттар сайлау заңына сәйкес тексеріліп, құжаттары қаралады.

Осыған сәйкес орталық сайлау комиссиясы сайлау құжаттарының үлгілері мен  сайлауды дайындау және өткізу жөніндегі негізгі іс-шараның күнтізбелік жоспарын бекітті.

Әзірше, бірде-бір үміткерден өтініш түскен жоқ. Тіпті, биылғы саяси аламан жаңа есімдермен де толығуымен мүмкін деген сыбыс та бар. Оны енді алдағы күндері білетін боламыз.

Президенттік сайлауға жасы 40-тан төмен емес, мемлекеттік тілді еркін меңгерген, Қазақстанда соңғы 15 жылдан бері тұратын, тумасынан осы елдің азаматы қатыса алады.  Президенттік сайлауға түсуге кандидатты 15 наурызға дейін ұсынуға болады. 

Қуандық Тұрғанқұлов, ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы:

Президенттікке кандидаттарды ОСК тіркейді. Тіркеу мерзімі аяқталғаннан кейін олардың үгіт науқаны басталады. Ол 26 наурыздан 24 сәуірге дейін жүргізіледі.

Үгіт насихат жұмыстарын белгіленген мерзімнен тысқары уақытта жүргізгендер сайлауға түсу құқығынан айырылады. Яғни, үгіт насихат жұмыстары тек  26 наурызбен 24 сәуір аралығында жүргізілуі керек.

Ал, кандидатурасын ұсынған азамат ОСК 1 миллион 60 мың теңгеге жуық сайлау жарнасын төлейді. Ал, үгіт науқанын жүргізу кезінде әрбір кандидат сайлау қорын құруға құқылы. Бірақ, жұмсалатын қаржының шекті мөлшері болады.  

Қуандық Тұрғанқұлов, ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы:

Сайлау қорын жеке қаражатынан және кандидаттардың ұсынған қоғамдық бірлестіктердің азаматтар мен ұйымдар ерікті түрде көрсететін қаржылай көмекпен құрылады. Әрбір кандидаттың сайлау қорының мөлшері 577 миллион теңгеден аспауы тиіс.

Дауыс беру 26 сәуір күні жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 07.00-ден бастап кешкі сағат 20.00-ге дейін болады. Орталық сайлау комиссиясы 3 мамырдан кешіктірмей, Президент сайлауының қорытындыларын анықтап, тиісті Қаулы қабылдауы тиіс.

Ғабит ҰЗАҚБАЙ

Хабарламаларға жазылу