Зиялы қауым өкілдері: Сайлау - «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыруға сеп болады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Зиялы қауым өкілдері: Сайлау - «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыруға сеп болады

22.02.2015
Зиялы қауым өкілдері: Сайлау - «Нұрлы жол»  бағдарламасын жүзеге асыруға сеп болады

Еліміздің зиялы қауым өкілдері де көкейде жүрген ойларын ішке бүгіп қалмады. Сайлауды қалайда биыл өткізу керек дейді. Әйтпесе, алқымнан алғалы тұрған мынадай күрделі қаржылық ахуал кезінде ел дамуына қажетті бағдарламалар аяқсыз қалуы мүмкін.

Мәселен, «Нұрлы жол»  бағдарламасын тиімді жүзеге асыруға сеп болар еді. Әрі бұл саяси науқан «Қазақстан-2050» стратегиясында көрсетілген бағдарламаларды мүлтіксіз орындауға мүмкіндік берер еді», дейді елдің сөзін ұстаған саңлақтар.

Президент сайлауын биыл өткізуді елдегі зиялы қауым өкілдері де толық қолдайды. Қазіргі таңда ел дамуының ертеңін кемел ететін «Нұрлы жол» бағдарламасы, «Қазақстан-2050» стратегиясы мен индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы іске асырылуда. Дәл осы істерді аяғына дейін жеткізу үшін сайлауды өткізудің маңызы зор.

Нұрлан Оразалин, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы:

Халқымыз әрқашан шешуші сәттерде Елбасының маңына шоғырланып, кез келген сын-қатерлерге бір адамдай қарсы тұрып келе жатқанын білеміз. Бұл жолы да солай болады. «Мәңгілік ел» идеясымен біріккен Қазақстан барлық сынақтардан сүрінбей өтеді деген сенеміз.

Мұрат Әуезов, қоғам қайраткері:

Шешуші ұсыныстың дүниеге келгені, мені қатты қуантады. Ассамблеяның бұл ұсынысын қолдаймын және сайлаудың дұрыс өтуіне барымды салып, үлес қосамын.  

Алдыңғы толқын ардагерлері де Президент сайлауын биыл өткізуді қолдайды. Қазір әлемде қаржылық-экономикалық дағдарыстың жаңа толқыны белең алып жатыр. Оған кейбір мемлекеттерде болып жатқан күрделі халықаралық жағдайды қосыңыз.

Қазақстан әлемдік қауымдастықтың бір бөлшегі ретінде бұлардан тыс қала алмайды. Алайда, бізде бұл қиыншылыққа төтеп беретін «Нұрлы жол» бағдарламамыз бар. Сол себептен де «президенттік сайлау өткізуімізге еш кедергі жоқ», дейді ардагерлер.

Өмірзақ Озғанбаев, ҚР Ардагерлер ұйымы орталық кеңесінің төрағасы:

Біз осындай сәтте уақыт оздырмай кезекті сайлауды өткізу керекпіз. Бұл қадамымыз барша халық болып, Үкімет және Парламент, барлық орталық әрі жергілікті басқару органдары бірлесе жұмыс істеуінің арқасында әлемдік дағдарысты еңсеруге мүмкіндік береді.

Жалпы сайлау өткізу туралы ұсыныстың айтылғанына көп болмаса да, қазір оны жақтайтындар артып келеді. Жас та, жасамыс та «Президент сайлауын биыл өткізу - уақыт талабы», дейді.

Презиеднт сайлауын өткізуге қазақстандықтар ғана емес, алыс-жақын шетелдегі 5 миллионнан аса қазақ диаспорасының өкілдері де тілектес.

Талғат Мамашев, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары:

Біз мына Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы атынан бүгін мәлімдеме жасап, осы ұсынысты қолдаймыз. Сондықтан да, бір жағадан бас бір жеңнен қол шығарып бірігіп, Президенттің жанына топтасып, ары қарай жұмысты жалғастырайық деген ұсыныспен келіп отырмыз.

Бұл сайлау халықтың бейбіт тірлігі мен берекелі бірлігінің бекем бола түсуіне сеп болады. Еліміздің Қарулы Күштері ардагерлері қоғамдық бірлестігі де Президент сайлауын өткізуді қолдайды.

Бақытжан Ертаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халық қаһарманы:

Ардагерлер ұйымдары елімізде болып жатқан маңызды оқиғалардың ортасында жүреді. Біз әрекетімізбен әрдайым бірлікті, ынтымақты қолдаймыз. Бүгінде Қазақстан шешуші кезеңнің алдында тұр.

Көп жұмыстар атқарылды, біздің мемлекет тұрақтылық пен бейбітшіліктің орталығына айналды. Сайлауға әрбір азамат қатысып, үлесін қосуы керек. Алда талай алар асулар мен бағындырар биік белестер күтіп тұр.

Бақытбек Смағұл, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Ауған соғысы ардагерлері қауымдастығының төрағасы:

Шын мәнінде бүгінгі кезеңде бұл өте орынды мәселе және барша жұрттың ойынан да шығып отыр.   Біз Ауған соғысы ардагерлері әрбір шаңырақтың түтіні түзу шыққанын тілейміз. 

Бүгінгі таңда болып жатқан сан түрлі қиыншылық болсын, басқа да оқиғалар болсын, біздің елді айналып өтпесі белгілі. Сондықтан да, әрине біз оны қолдаймыз.

Қазір әлемдік экономикалық дағдарыс алпауыт елдердің алқымынан ала бастады. Қос бүйірден қысқан соң, Еуропа елдері тығырықтан шығу жолдарын қарастырып жатыр.

Ал, сыртқы нарықтағы қиындықтардың салқыны тиетінін алдын ала білген қазақ билігі бұған әлдеқашан қамданып қойған. «Нұрлы жол» саясаты соның түп негізі, дейді басқа да қоғам қайраткерлері.

Олардың тұжырымынша, дәл осы тұста Қазақстан халқы Ассамблеясының сайлау өткізу бастамасы - әлемдік тұрақсыздықтың тұзағынан шығып, оны табысты еңсеруге мүмкіндік береді.

Мұрат Жұрынов, ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті:

Қазақстанның қазір халықаралық беделі өсіп, бүкіл әлем Қазақстанды танып жатыр. Экономикамыз да, халықаралық қатынасымыз да жақсы. Осы сәтті пайдаланып, келесі жылға барлық ауыртпашылықты артпай, әрі Парламент сайлауы, әрі Президент сайлауы болады ғой, сол себепті Президент сайлауын осы жылға ауыстырсақ деген ұсыныс өте дұрыс.

Әділ Ахметов, филология ғылымдарының докторы:

«Нұрлы жол» деп атауы атына да, затына да сай айтып тұр. Үлкен жобаларды қолға алу керектігін Президент айтты.  Өйткені, қазір әлемде болып жатқан құбылыстарды көзімізге елестетін болсақ, барлығы сайрап тұрған жоқ па?

Халықаралық жағдай шиеленісіп тұр. Әлемдегі экономикалық дағдарыс әлі тоқтаған жоқ. Тіпті, кейде күшейіп бара жатыр. Сондықтан, дәл осы тұста мына ұсынысты барлығымыз қолдауымыз керек. Халыққа дұрыстап жеткізуіміз қажет.

Қазақстан халқы Ассамблеясының Президент сайлауын өткізу туралы идеясы - ел мүддесімен үндес. Себебі, бұқараның болашаққа деген сенімі зор. Бұған елдегі саяси тұрақтылық пен береке-бірлік, бүгінгі тыныш тұрмыс дәлел.  

Мақсұт Нәрікбаев, мемлекет және қоғам қайраткері:

Бұл өте дұрыс ұсыныс. Өйткені, дүниежүзілік тұрғыдағы болып жатқан саяси, экономикалық, әлеуметтік оқиғалардың барлығы осыған әкеліп тіреледі.

Сондықтан да, біздің «Құқықтық Қазақстан үшін!» республикалық бірлестігі президиумымыз да қолдайық, деген шешім қабылдады. Ең негізгі мақсат - халықтың ауызбірлігі.

Сұлтан Сартаев, заң ғылымдарының докторы:

Қазақстан халқы Ассамблеясы бұл біздің халқымыздың жалпы өкілі. Қазақстан халқы Ассамблеясы бірінші күнінен бастап, саяси-әлеуметтік, мәдениеттік жұмысында өзін көрсете білген, халықты тыңдата білген ұйымдардың бірі.

Міне, сондықтан, Ассамблеяның ізгі ісін, инициативасын мен қолдаймын, бүкіл Қазақстан халқы да қолдайды.

Зиялы қауым өкілдерінің пікірі ортақ. Ол жұмыла көтерген жүк жеңіл дегенге саяды.

Айбек ҚОБДАБАЙ

Хабарламаларға жазылу