Саяси-экономикалық өмірі қылыштың жүзіндей қылпылдап тұрған Украинаға осы аптаның басында Қазақ Президенті Нұрсұлтан Назарбаев барды. Киевте Петр Порошенкомен кездесіп, бітімгершілікке әзір екенін айтты.
Соғыс жүріп жатқанына қарамастан, Жоғарғы Рада сайлауын өткізіп, үкімет құрғанымен құттықтады және бұл оқиғаны Украина президентінің үлкен жеңісі санайтынын жеткізді.
Ал, Минск келісімін «Порошенконың еңбегі» деп бағалады. Ол Донбасстағы қақтығысты бейбіт жолмен шешуге шақырып, Украинаның аумақтық тұтастығын қолдайтынын мәлімдеп, Ресейді де, Украинаны да тығырықтан шығу үшін бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.
Біздің Президенттің айтуынша, қиындықтарға қарамастан, Қазақстан мен Украинаның арасындағы экономикалық ынтымақты қалпына келтіретін кез келді. Сандарды сөйлетсек, екі ел арасындағы 4 миллиард доллардың тауар айналымы соңғы уақытта 30 пайызға кеміп кеткен.
«Бірақ, 4 миллиардтық көрсеткішке қайта жетуге мүмкіндігіміз бар»,-деді Президент. Ол үшін тамақ өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, машина жасау, авиация, ғарышты игеру, көлік-транзит және ақпараттық саясат салаларындағы ықпалдастықты жандандыру керек деп уағдаласты.
Ал, қазіргі қытымыр қыста қиындық көріп отырған Украинаға Қазақстан көмір жеткізіп, көмектесетін болды.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Биыл екі ел арасындағы достық және ынтымақтастық туралы шартқа қол қойылғанына 20 жыл толып отыр. Өзара тауар айналымы 2010 жылдан 2013 жылға дейін екі есе өсті.
Биыл ол төмендеп кетті, бұл біздің әлеуетімізге сай емес, себебі Украина – Қазақстанның маңызды сауда-экономикалық серіктесі. Қазақстанда Украинаның коммуналдық және ауыл шаруашылығы техникалары көп қолданылады, құрылыс материалдары, азық-түлік те көп тасымалданады.
Украинаға біз де өз өнімдерімізді жеткізіп отырдық. Сіз Украина көмір тапшылығын көріп отырғанын айттыңыз. Қазақстан осы мәселеде Украинаға көмек көрсетуге дайын. Біз Екібастұздан, Қарағандыдан көмір жеткізетін боламыз.
Петр Порошенко, Украина Президенті:
Сіз күрделі кезеңде бізді қолдау үшін менің шақыруымнан соң бірден келдіңіз. Менің жеке өзім де, Үкімет пен Украина халқы да мұны жете бағалайды. Шынымен де, біз Қазақстан мен Украина арасындағы екіжақты қарым-қатынастардың әлеуеті әлі толық пайдаланылған жоқ деп санаймыз. Бұл мәселеге қатысты тиісті органдар ауқымды жұмыс жүргізуі қажет.
Диана АХМЕТЖАН