Елбасы осы аптада Ақмола облысына барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елбасы осы аптада Ақмола облысына барды

22.03.2015
Елбасы осы аптада Ақмола облысына барды

Мемлекет басшысы осы аптада Ақмола облысына барып қайтты. Жұмыс сапарымен. Бұл аймаққа табаны тигендер білер, Ақмола - жапырағы қамқадай, топырағы торқадай, егін ексең жайқалып өсер жайлы жер.

Президент облыс орталығы Көкшетауда - өңірдің экономикасы үшін ғана емес, ел үшін маңызды екі нысанды аралап көрді. Алғашқысы - «КамАЗ-Инжиниринг». Қазір өндіріске керек жүк және арнайы техникаларды дәл осы зауыттан алып жүрміз. Ал, бұрын ше?

Осыдан он шақты жыл бұрын КамАЗ керек болса, көрші елдерге сабылып, сатып алып, қып-қызыл шығынға бататынбыз. Қазір өз камаздарымыз өз кәдемізге жарап, жүйіткіп жүр. «КамАЗ-Инжиниринг» негізінен самосвалдар мен жүк көліктерін құрастырады. Былтыр зауыт 1250 автокөлік құралдарын шығарды. 

Президент арнайы барған екінші нысан – «Синегория» аталатын серіктестік. Басты кәсібі - сүт өңдейді, сүттен түрлі өнімдер жасайды. Бұл нысан да қазіргі дағдарыстың уақыты деп қол қусырып отырған жоқ. Өнімдерін еселеп, ел экономикасына барыншы үлес қосып жатыр. Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ, Көкшетауда өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының форумына да қатысты.

Қазақстанның тұтас теріскей аймағының жері жазық, құнарлы егіндікке қолайлы. Қысы қатты болса да, жайылымы кең аймақта мал көбейіп келеді. Мысалы, бір ғана Ақмолада 31 мал семіртетін алаңқай бар. Оның тек 7-нің өзінде 18 500 бас ірі қара байланады екен. Ауыл шаруасын күйттеу Қазақ Үкіметі үшін ең негізгі міндеттердің бірі.    

Ақмола диқандары биыл 4,7 миллион  гектар жерге тұқым сеппек. Көбі бидай әрине, 4, 2 миллион гектар. Азық-түлікті өткізу ісіне кедергі жоқ,  іргеде ірі нарық Астана тұр.

Мал басының көбейгенінен болар, соңғы жылдары  Солтүтік өңірде сүт пен сүт өнімдерін өндіретін кәсіпорындар көбейді. Соның бірі - Президент барған «Синегория» серіктестігі. Тәулігіне 160 тонна сүт өңдейді. 175 адам жұмыс істейді. Енді жаңа, таза, сапалы өнімдерге ұмтылып отыр.

Айгүл Баймурзина, зертхана жетекшісі:

Дәл қазір біз балаларға арналған емдік бағыттағы және құнарлы азық болатын өнімдер шығаруды жоспарлап отырмыз. Атап айқанда, құрамына түрлі витаминдер, кальци қосылған сүт өнімдері болмақ. Мақсат – біздің балаларымыздың иммунитетін көтеріп, денсаулығын мықтау. 

Бақтияр мен Әнуар «КамАЗ-Инжиниринг» зауытының жұмыскерлері. Алып техникаларды құрап шығарады. Екеуі де Есенов. Ағайынды жігіттерді әкесі Байбатыр баптап, осы  зауытқа әкелген.

Байбатыр Есенов, жүргізуші-сынақшы:

Бұл зауытта жұмыс істеп жүргеніме сегіз жыл уақыт болды. Жұмысқа көңіліміз толады, жалақымыз тиянақты. Өзім жұмыс істегеннен бері сол жастарды баулып, өзіміздің білгенімізді жастарға үйретіп жатырмыз. Осы зауытта екі балам да өзіммен бірге жұмыс істейді, ковейерде машина жөндеу жағында.

Зауытта 197 қызметкер бар. Үздіксіз, тұрақты, жүйелі жұмыс істеп тұр. Президент Нұрсұлтан Назарбаев қуатты кәсіпорындар айналасында шағын және орта бизнес шоғырлануы тиіс екенін ескертті.

«КамАЗ-Инжиниринг» – құрылғалы бері 4000 мың ауыр көлікті құрап, сатқан. Бюджетке 1,5 миллиард теңге салыпты, салық түрінде.  Күніне 5, кейде 7 КамАЗ шығарады. 

Александр Цымбал, техникалық қадағалау бюросының жетекшісі: 

Біздің ұжымның негізгі міндеті - техниканың сапасын толық қадағалау. Біздің кәсіпорын  халықаралық ИСО  9001 -2008 стандартына сай жұмыс істейді. Біздің көліктер өте сенімді, сапалы, және сұраныс көп. Халық шаруашылығының барлық саласына жегіледі, мысалы құрылыс, жол салу, мұнай саласы. Сондай-ақ, Қорғаныс министрлігі мен Төтенше жағдайлар министрлігінің тапсырыстарын орындаймыз. 

«Елімнің тағдыры, менің тағдырым». Ассамблея жылына орай Көкшетауда өткен үлкен форум осылай аталды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біздің бірлігіміз, татулығымыз, осы 23 жылдағы Тәуелсіздіктің табысы. Елдің бірлігі мен татулығының арқасында Ақмола облысы орталық облыс болды. Еліміздің жүрегі, Елорданың тірегі.

120-дан астам ұлыстың өкілі татулық тербетілген өңірде өмір сүріп жатқанын қуанышпен айтуға болады. Сайын даланы нуға  айналдырып, астығы тербетіліп, өндірісі өрлеген жасампаз  елдің жарқын өлкесі.

5000 адам қатысқан үлкен форумда Мемлекет басшысы Қазақстан қоғамы ұмтылуы тиіс 5 міндетті тарқатып айтты. Мемлекеттік қызметтің абыройы, жеке меншікті қорғау, орта тапты қалыптастыру, ұлт бірлігін насихаттау және бесінші либералды  қоғамға жету.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Реуспубликасының Президенті:

Бірлік - халқымыздың баға жетпес байлығы. Алдымен қазақ ұлтының, екіншіден барлық қазақстандықтардың бірлігі. Егер бірлігіміз мықты болса, Қазақстанды жаңа белеске шығаруға мүмкіндік бар. Он алтыншы съезде сөйлеген сөзім еліміздің дәрежесін бұдан әрі көтеруде деп санаймын.

Ассамблеяның форумы үлкен концертке ұласты. Қазақ жеріндегі бар ұлыстың өкілі өздеріне тән ерекше кіимдерін киіп, өнерлерін көрсетті. Дауылпаз күй, жарасымды би, асқақ әннің түпкі мәні – бірлік.

Еркін Таңатқанұлы, тілші:

Қазақ медицинасының қауқары артып келеді. Бұрын құрт ауруына қарсы тұра алмайтын дәрігерлер қазір жүрекке ашық операция жасайды, тіпті біреудің бүйрегін, жүрегін екіншіге көшіріп салатын дәрежеге жетті.

Әрине, бұл жерде кәсіби шеберлік қана емес озық технология, құрал-жабдықтың да маңызы ерекше. Жаһандағы ең сәтті технологиялардың барлығы топтасқан медициналық оратлықтың бірі Президенттің іс басқармасына қарайтын клиникалық – оңалту орталығы. Осы аптада ашылды.

Кешеннің жалпы аумағы 84 мың шаршы метр. 13 ғимараты бар, бір ауысымда 1000 адам қабылдай алады. 4 емхана, 35 бөлімше, 200 орындық стационары бар. Ең бастысы озық технологияның барлығы осында.

Кешен құрамына бірегей диагностикалық блок және ядролық медицина бөлімшесі кіреді. Мамандары да мықты, 11 ғылым докторы мен 24 кандидаты бар. Дәрігерлердің жартысынан көбі  жоғары санатты.

Үлкен кешенді аралап көрген Президент мекеме ұжымымен кездесті, дәрігерлермен кеңесті. «Ең бастысы, елдің үмітін, науқастың көңілі, ем қонған кісінің алғысы», деді Президент. Ал, озық қызметтің құны да қарапайым жұрт та жүгіне алардай  болуы тиіс.  

Клиникалық оңалту кешенінің ерекшелігі - технологияда, артықшылығы – сапада, құндылығы – дәрігерлерінде. Дерттіге кешенді көмек беріледі.  «Жүрекке, жүрек тамырларына, қолқаға қиын деген операцияларды осы кешенде жасаймыз», дейді дәрігерлер. Бас-аяғы  5 күнде 19 операция жасалған.

Серік Тоқпанов, бас хирург, медицина ғылымдарының докторы:

Дүниежүзіндегі медицина саласына қатысты бар технология бар бізде. Оның ешбірі ешкімнен кем емес. Мысалы, магниттік томографтың екі түрі бар. Сол сияқты басқа аппараттар мен технологиялардың біразы бар. 

Үлкен кешен ресми ашылды. Барлық ісі мұқият жүйеленген медициналық мекемеге біздің елде тең келер орталық жоқ.

Еркін ТАҢАТҚАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу