«Мәңгілік ел – мұратым» ақындар айтысы мәресіне жетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Мәңгілік ел – мұратым» ақындар айтысы мәресіне жетті

14.12.2014
«Мәңгілік ел – мұратым» ақындар айтысы мәресіне жетті

Таңғы шықтай таза, мөлдір сөзден өлең өру - қазақтың қанына сіңген қасиет. Әсіресе, айтыс десе, дүйім қазақтың делебесі қозар. Елдің абыройын асырған жастарды марапаттау, мерейін өсіру де біздің жұрттың табиғатына тән.

Бұл ретте осындай игі шараларға ұйытқы болып жүрген партия болса, ол – «Нұр Отан». Осы желтоқсанда елдің мәдени өмірінде өткен екі бірдей шара - «Мәңгілік ел-мұратым» ақындар айтысы және таланттарға берілетін «Жас тұлпар» сыйлығы.

«Жас тұлпар» демекші, осыдан 50 жыл бұрын Мәскеуде оқыған бір топ жастардың «Жас тұлпар» атты ұйым құрғанын, бұл ұйымның қазақтың санасын сілкуге серпіліс болғанын біреу білсе, біреу білмес.

Алаш идеясы жастұлпарлықтарды дүниеге әкелді, ал олар қазақ жастарын оятты. Тәуелсіз ел болу үшін ұлттың көзқарасын өзгертіп, жаңа болмыс пен ойлы санаға жетеледі.

Бүгінгі «Жас тұлпар» сол кездегі «Жас тұлпардың» жалғасы іспетті. Ел Тәуелсіздігіне орай және «Жас тұлпар» қозғалысының 50 жылдығына арналған сыйлыққа қазақстандық патриотизмді дамытуға үлес қосқан жас қазақстандықтар ие болды.

Билік партиясы мұрындық болған тағы бір шара - «Мәңгілік ел - мұратым» атты ақындар айтысы. Биылғы дода «Нұр Отанның» 15 жылдық мерейтойына орай өтті.

«Нұр Отан» елдегі жетекші партия ретінде көптеген ірі және игі істерге ұйытқы болып келеді. Келер жылы кең көлемде аталып өтетін, Қазақ хандығының 550 жылдығына орай партия айтыс ұйымдастырды.

Бұл, жылдың бас бәйгесі - «Алтын домбыра»! Содан болар, сүлейлердің биыл бабы мықты. Қамданған, қара домбырасымен қаруланған. Себебі, суырып салмалар жыл бойы іріктелді. Алты өңірде өткен іріктеу айтысынан кейін ғана арқаға 22 ақын жиылды.  Астанада азаттықты, Тәуелсіздік пен ұлт тарихын жырлады. Бұл бізге керек-ақ...

Оразкүл Асанғазы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Халықтың санасын оятуда айтыскерден өткен үгітші жоқ. Халыққа жеткізетін негізгі мақсат – кешегі Елбасының Жолдауы, Тәуелсіздік күні, кешегі Президент күні, міне, осылардың барлығын халыққа жеткізеді, деп ойлаймын.

«Ақынның айтары – ақиқат» деп сенген халық бұл жолы да Конгресс-холл маңын жағалады. Зал лық толы болса да есікке ентелеп, ішке асыққандар азаймады.

Тұсауы әлі кесілмеген таланттар мен тасадағы ақындар. Бұл жылы Жүрсін Ерман тәуекел етіп бұларды да бәйгеге қосты. Жас ақындардың ішінде кешегі жыр жампозы Оразалы Досбосыновтың да шәкірті бар еді...

Ал, аламанның шешуші сынында небәрі 10 ақын өнер көрсетті. Айбек Қалиев бастаған, Бекарыс Шойбеков, Масқат Ақанов пен Мұхтар Ниязовтар қостаған топ. Арасында екі ақын қызымыз, Айнұр мен Сара да бар. Ал, өткен жылғы «Алтын домбыра» иесі Жандарбек ақын бұл жолы да жүлдеге үмітті екен.

Жандарбек Бұлғақов, айтыскер ақын:

Тақырыбы ауқымды айтыс болғаннан кейін, қазақтың осы уақытқа дейінгі ұтқаны, ұтылғаны, жеткені, әлі де жетуі тиіс нәрселерінің барлығы ақындардың аузынан өлең болып өріліп жатса, ол айтыстың абыройының артқаны деп білемін.

Дода нәтижесін күткен көрермен айтыста тапжылмай он сағат отырды. Сонымен, сайысты қалжыңымен, қазақы қалпымен қыздырған Балғынбек Имашев «Алтын домбыраны» жеңіп алды.

Алтын құйылған домбырадан басқа айтыскер 3 миллион теңге иеленді. Бірінші орын бұйырған Жандарбек Бұлғақовқа екі миллион теңге. Екінші орында Еркебұлан Қайназар, үшінші орынды Айнұр Тұрсынбаева мен Бекарыс Шойбеков бөліп алды.  

«Нұр Отан» азаттық мерекесі қарсаңында жүзден жүйрік шыққан жастарға «Жас тұлпар» жүлдесін табыстады. Екінші рет өткізіліп отырған шараның тамыры тереңде.   

Біле жүріңіз, жастардың жалыны, Тәуелсіздік үшін күресі 50 жыл бұрын басталды. 60-шы жылдары Мәскеуде оқып жүрген 800-ге жуық қазақ жасы жұдырық болды, қажыған Алаш қамы үшін күресті.

Кеңестік жүйеге қарамастан, «Жас тұлпар» ұйымын құрды. Міне, нұротандықтар осылайша кешегі тарихты ұмыт қалдырмауға ұмтылып отыр.

Бауыржан Байбек, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

Елбасы жастар біздің алтын қорымыз деп, сіздерге, жастарға тек қана үміт артып қоймай, жан-жақты жағдай жасап келе жатыр. Мына «Нұрлы жол», Елбасының жаңа бағдарламасы жалпы жастарға арналған.

Сонымен, әдебиеттен Серік Сейітман, тіл саясатында – Оксана Петерс үздік шықты. Спортта, екі дүркін Олимпиада, төрт дүркін Әлем чемпионы Илья Ильин озды.

Ғылымда – Ұлықбек Қайыров, өнерде кешегі «Turkvizyon» байқауында рухты жырымен байрағымызды желбіреткен Жанар Дұғалова марапатталды. Патриотизмді қалыптастыруда Евгений Рибалко үздік шықты.

Ал, қарашада қара жамыла жаздаған 50 оқушының өмірін құтқарған Арғын Қуанов «Жас тұлпарды» өз қолымен алды.  Батыр «Қызылорда-Павлодар» бағытында жол жүрген бала толы автобусты апаттан құтқару үшін қарсы келген көлікке өз көлігін тосқан.  

Арғын Қуанов, «Жас Тұлпар – 2014» байқауының жеңімпазы:

Істеп жатқан ісімді ерлік деп санамаймын. Бұл азаматтық парызым және борышым. Әр полиция қызметкері және Қазақстан азаматы дәл осындай мезетте мен сияқты жасай алады, деп ойлаймын.

Бір миллион теңгеден бөлек, жеңімпаздарға қанатты тұлпар мүсіні бұйырды. Ақиқатында, арғымақты қадіріне жетіп мінген қазақ қана. Сондықтан, сыйдың өзі - философия, жастарға сенім.

Әлия ӘШІМ

Хабарламаларға жазылу