Астанада «Президент. Парламент. Интеграция» атты халықаралық конференция өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада «Президент. Парламент. Интеграция» атты халықаралық конференция өтті

30.11.2014
Астанада «Президент. Парламент. Интеграция» атты халықаралық конференция өтті

Мемлекеттің іргесін қалаған тұлғаларға құрмет көрсету, олардың таққа отырған күнін мемлекеттік деңгейде атап өту -дамыған елдердің біразында бар дәстүр.

АҚШ үшін Джордж Вашингтонның туған күні мемлекеттік мереке болса, Бельгия мен Малайзияда Король күні, Нидерландта Королева күні тойланады.

Ал, жапондар Император күнін ешқашан ұмытқан емес.

Сондықтан, 1-желтоқсан - Елбасының ғана емес, елдің тойы. Себебі, бұл күнтізбеде қызылмен ғана таңбаланып тұрған жоқ, Қызыл үкіметтен арылған күннің айғағы.

Қазақстан деген мемлекеттің дербес ел ретіндегі алғашқы саяси қадам жасаған күні.

Тұңғыш Президент күніне орай, Астанада «Президент. Парламент. Интеграция» тақырыбында халықаралық конференция өтті.

Жиынға Ресей, Беларусь, Тәжікстан және Қырғыз Республикасынан ресми делегациялар қатысты. Сол жиында лауазымды тұлғалар Қазақстанның ішкі һәм сыртқы саясатын саралады, өздерімен салыстырды, қазақ бағындырған белестерге қанықты.

Біздегі үлкен мұрат - Қазақстанды жаһандағы ең дамыған 30 елдің қатарына қосу. Бұл - Қазақ басшысының бастамасымен жазылған «Қазақстан-2050» ұзақмерзімді даму Стратегиясының негізгі мақсаты.

Бұл міндетті мінсіз іске асыру үшін Президент «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатын да жариялады.

2014-жыл тарих қойнауында Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуы секілді айтулы оқиғамен есте қалмақ әрі қазақ Президентінің осыдан 20 жыл бұрын көтерген бастамасының жүзеге асқан жылы.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

Елбасының стратегиялық көшбасшылығымен Қазақстан қарқынды әлеуметтік-экономикалық даму жолына түсіп, жаңа тарихи жағдайда беделі жоғары, табысты елге айналды.

Қабиболла Жақыпов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

Біздің елдеріміз қабылдайтын кез келген Заңдар, шешімдер экономикалық интеграцияны тереңдетуге, еңбекпен қамтуға, бизнесті қолдауға, сонымен бірге, одақ аумағында әрбір тараптың жұмыс күшінің, қызметтердің, тауарлардың еркін айналымына қолайлы жағдай туғызуы керек. Халық интеграцияның тиімділігін біліп, сезінуі керек. Бірлестіктің болашағы тікелей осы мәселеге қатысты.

 

Еркін ТАҢАТҚАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу