Биылғы Нобель сыйлығы лауреаттарының есімі жарияланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биылғы Нобель сыйлығы лауреаттарының есімі жарияланды

12.10.2014
Биылғы Нобель сыйлығы лауреаттарының есімі жарияланды

Осы аптада  Нобель сыйлығының 2014 жылғы лауреаттарының есімдері жарияланды. Олардың  ең жасы – небәрі 17-де. Бейбітшілік жүлдесіне  биыл Оңтүстік Азиядағы екі ел – Үндістан мен Пәкістанның өкілдері қол жеткізді.

Ослодағы комитеттің бұл шешімі бекер емес тәрізді. Өйткені, Дели мен Исламабадқа дәл қазір  татулық жетпей тұр. Осыдан бірер күн бұрын үнді-пәкістан  шекарасында, яғни, Гималайдың баурайындағы даулы Кашмирде тағы да ши шығып, соңғы 10 жылдан астам уақыт ішінде  алғаш рет мылтық  атылды. Екі жақтан да адам шығыны бар.

Биыл сыйлықты алуы мүмкін деген үміткерлер арасында АҚШ арнайы қызметінің былығын әшкерелеген Эдвард Сноуден мен жарлы-жақыбайларды жарылқауға шақырған Рим Папасы Франциск те болған. Алайда, айлары оңынан туа қоймады олардың. Осы жылы Нобель сыйлығына 278 кандидат ұсынылып, үміткер саны рекордтық көрсеткішке жеткен.

 

Пәкістанның солтүстік-батысындағы Суат қаласында жұмадан бері үлкен той. Торт кесіліп, мектептер мен көшелерде қуанған оқушылар,   шаттанған халық.

 

Биыл Нобель сыйлығын бейбітшілік саласы бойынша иеленген 17 жастағы Малала Юсуфзай дәл осы жердің тумасы. Қаршадай қыз 11 жасында  BBC-дің урду тілі редакциясына  жиі-жиі хат жазып, тәліптердің  қыз балаларға  білім алуға мүмкіндік бермей отырғанын бүкіл әлемге жар сала жеткізді.

Сол белсенділігі үшін оны «Талибанның» содырлары 2012 жылдың күзінде  бастан атқаны бар. Бірақ, Британиядан дереу жеткен дәрігерлер Малаланы айлар бойы емдеп,  өлім аузынан аман  алып қалды.

Қазір Нобель тарихындағы ең жас лауреат  Англияның Бирмингем қаласында  ата-анасымен тұрып жатыр. Мектепте оқиды. Әйелдер құқығын батыл қорғағаны үшін Юсуфзай бұған дейін Еуропа парламентінің Андрей Сахаров атындағы сыйлығына ие болды.

Малала Юсуфзай, Нобель сыйлығының лауреаты: 

Мен өзімді мақтан тұтамын елімізде бірінші, ал әлемде ең жас болып Нобель сыйлығын алғаныма. Бұл марапат Пәкістан мен Үндістан халықтарына сүйіспеншілік сыйласа екен.

Адамдар дініне, түсіне қарамай, ең бастысы, адамгершілікті сақтап қалуы керек деп ойлаймын.  Үндістандық лауреатқа хабарластым. Екеуміз бірлесіп, екі мемлекет арасындағы байланысты нығайтуға күш саламыз деп шештік.

Малала 1 миллион 100 мың долларды үндістандық адам құқығын қорғаушы Кайлаш Сатъяртимен бөліседі. 60 жастағы Сатьярти инженер-электрик жұмысын тастап, өткен ғасырдың 80-ші жылдары  демонстрациялар мен қарсылық акцияларын ұйымдастырып, балалар құқығын қорғау жолына түсті.

Қазір ол осы проблема бойынша ғаламдық қозғалыстың басы-қасында жүр. 20 жылдың ішінде Сатьярти жетекшілік ететін «Бачпан Бачао Андолан»  ұйымы дүниежүзінде 80 мыңнан астам баланы құлдықтан құтқарып, қоғамға қосқан, білім алуына ықпал еткен.

Кайлаш Сатьярти, Нобель сыйлығының лауреаты:

Мен Нобель сыйлығын алайын деп ешқашан ойлаған жоқпын. Бірақ, кейбіреулер айтушы еді,» Үндістанда бастаған ісің дүниежүзілік қозғалысқа айналады», деп. Енді біреулер «осы еңбегің үлкен марапатқа лайық», дейтін. Меніңше, бұл жүлде - әлемде балалық шақтан айырылған талай жеткіншекке деген үлкен құрмет.

Әдебиет бойынша Нобель сыйлығы  биыл француз жазушысы Патрик Модианоға бұйырды. 69 жастағы қаламгерге әйгілі жүлде «есте сақтау шеберлігі»  үшін беріліп отыр. Дәлірек айтсақ, ол  өз романдарында  адам тағдырына терең бойлап, басқыншылық көрген халықтың тұрмысын дәл суреттегені үшін Нобель лайық деп танылды.

Патрик Модиано 1945 жылы Францияда дүниеге келген. Әкесі – италиялық, шешесі – фламанд қызы. Екеуі  нацистер басып алған Парижде танысқан. Жалпы, II Дүниежүзілік соғыс кезіндегі Франция тарихы – сөз шеберінің туындыларында басты орынға ие.

Дегенмен, лауреат атанғанын үйінің маңында серуендеп жүріп білген Модиано өзіне Нобельдің не үшін берілгенін әлі түсіне алмай жүр.

Патрик Модиано, жазушы, Нобель сыйлығының лауреаты:

Сіз бірдеңе жазарда өз оқырманыңызды ешқашан білмейсіз. Кітап жарық көргенше  суреттейтін дүниелеріңізді талай шатастырасыз. Алайда, бір жайтты білгім келеді: олар мені не үшін марапаттап жатыр екен?

Стокгольмдегі Каролин институтының Нобель ассамблеясы химия саласы бойынша құнды сыйлықты үш ғалымға тағайындады. Олардың екеуі америкалық  профессорлар – Эрик Берциг пен Уильям Мернер, біреуі - неміс зерттеушісі Штефан Хелл. Олар бір кездері оптикалық микроскопиядағы кедергілерді жойып, тірі клеткалардағы индивидуалдық молекуларды көруге жол ашты.

Лауреаттардың бірі – Мернер Нобелдің жүлдегері екенін Бразилияда конференцияда жүріп естіген екен.

Уильям Мернер, Нобель сыйлығының лауреаты:

Мен мұны естігенде, сенбегендіктен толқыдым. Қатты толқыдым.  Еңбегіміз мойындалғанын  білгенде өзімізді қоярға жер таппадық. Таңғалғанымыз сонша -  жүрегіміз дүрсілдеп қоя берді.

2014 жылы физика саласы бойынша Нобель сыйлығына екі жапондық пен  бір америкалық ғалым ие болды. Бірақ, лауреаттардың үшеуінің де ұлты жапон.  Олардың зерттеулері жаңа заман техникасы мен электроникасында төңкеріс жасады деуге болады.  Осы «үштік» ойлап тапқан көкшіл жарық диодтар кәдімгі лампаларға қарағанда 10 есе ұзақ жұмыс істеп, 100 мың сағат бойы жанып тұра береді.

Судзи Накамура, Нобель сыйлығының лауреаты:

Мені қуантқан  бір жайт – диодтық шамдар ойлап тапсам, деген арманым орындалды. Бүгінде біз мұндай лампаларды супермаркеттерден сатып алып, энергияны үнемдей аламыз. Меніңше, олардың арқасында болашақта ғаламдық климаттың жылынуын да  шектеуге болады.

Қазіргі технологияның тілімен айтсақ, адамның басында да «GPS жүйесі» бар.  Бізді адастырмай, бағыт-бағдар беріп отыратын сол клеткаларды анықтап  бергені үшін биыл үш ғалым  медицина бойынша Нобель сыйлығының лауреаттары атанды. Олар – лондондық профессор Джон О’ Киф пен норвегиялық ерлі-зайыпты жұп -  Май-Бритт және Эдвард Мозерлар.

Бұл зерттеушілер ашқан жаңалық күндердің күнінде Альцгеймер ауруына шалдыққан адамдардың неліктен, қайда жүргенін өздері білмейтінін түсінуге көмектесуі мүмкін.

Джон О’ Киф Нобель сыйлығының лауреаты:

Бұл жаңалық мидың маңызды бөлігіндегі жайттардан хабар береді. Және  де осы зерттеу нәтижесі арқылы біз мидың қалай қызмет ететінін, еске сақтау қабілетінің жұмыс істеу барысын біле аламыз. Сонымен қатар, бұл жаңалықты негізге ала отырып, Альцгеймерді емдеудің моделін дамыту жолдарын қарастырып жатырмыз.

Ал, экономика саласы бойынша Нобель лауреаты жылдағыдай ең соңында, яғни, келесі аптаның басында белгілі болады. Жүлденің ақшалай құны биыл  – 1 миллион 100 мың доллар. Сонымен қатар,  лауреаттарға желтоқсанның 10-да, демек, Альфред Нобелдің қайтқан күні,  арнайы диплом мен медаль де салтанатты түрде табысталады.

Арыстан РЫСБЕК

Хабарламаларға жазылу